Мәншүк Мәметованың ерлігіне арналған автошеру Оралдан Невельге жетпек

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Жеңіс мейрамына және Мәншүк Мәметованың ерлігіне арналған V халықаралық автожорық Оралдан Невельге дейінгі қашықтықты жүріп өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Мәметова атындағы мемориалдық музейінің директоры, автожорық жетекшісі Светлана Бектенованың айтуынша, автожорыққа қатысушылар Самара, Мәскеу арқылы қазақтың қос батыр қызы Мәншүк пен Әлияның, сондай-ақ Қазақстанда құрылған 100-інші және 101-атқыштар бригадаларының Псков облысындағы соғысқан жерлерімен жүріп өтіп, Жеңіс күнін Невель қаласында атап өтпек.

Батысқазақстандық делегация құрамында музей қызметкерлері, студенттер мен оқушылар бар. 12 мамырға дейін созылатын жорық барысында Ржев, Великие Луки, Новосокольники қалаларындағы бауырластар зиратына гүл шоқтары қойылады. Бұдан бұрын кеткен делегацияның бес мүшесі Невель қаласынан 40 шақырым жердегі Пустошка қаласы маңында далалық лагерьде іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Автожорыққа қатысушылар соған қосылады.

«Невель қаласында Мәншүк Мәметованың жерленгені белгілі. Биыл 15 қазанда оның ерлігіне 75 жыл толмақ. Қазақтың батыр қызының қаһармандығын ресейліктер де ұмытпақ емес. Сонымен қатар есімдері әлі күнге дейін белгісіз болып қалып отырған жауынгерлер аз емес. Оларды анықтау үшін Смоленск, Хабаровск, Волгоград, Санкт-Петербор, Калуга, Дондағы Ростов қалаларынан келген із кесушілермен бірге біз де жұмыстанамыз. Музейімізге қажетті құнды жәдігерлер әкелу де ойымызда», -деді С.Бектенова.

Еске сала кетейік, Астанада биыл Мәншүк Мәметоваға ескерткіш орнатылатынын бұдан бұрын жазған болатынбыз. Ал қазақтың батыр қызына алғашқы ескерткіш 1979 жылы Невель қаласында орнатылған. 

Соңғы жаңалықтар