Мәні қашқан МӘМС қашан түзелмек

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2017 жылы елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлеміне жарна аудару басталғаны белгілі. Дегенмен, МӘМС-тің өзі 2020 жылы ғана іске қосылған болатын. Содан бері 2 жыл өтсе де жүйе халықтың көңілінен шығып отырған жоқ. Сондықтан да болар таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге жіті назар аударып, Үкіметке жүйені жетілдіру туралы ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді.

Ал қазір жұмыс істеп тұрған жүйенің өзін талдап көрсек, сақтандырылған азаматтың өзі кез келген емханаға жүгініп, қалаған медициналық көмекті ала алмайтыны айқындалып шыға келеді. Өйткені, біріншіден, көрсетілетін қызметтер мен берілетін дәрілік заттардың тізбесі шектеулі. Екіншіден, қызметтерді алуға болатын медициналық мекемелердің нақты тізімі бар. Сонымен, МӘМС аясында тегін қызмет алу үшін алдын ала тіркелген емханадан жолдама алу қажет болады. Емхана еркін таңдау жыл сайын 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейінгі аралықта жүргізіледі. Мұнан бөлек егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын, жұмыс істейтін немесе оқитын жерін ауыстырса, қаладан бір айдан астам уақытқа кетсе немесе өзі қараған емхана қайта ұйымдастырылса не таратылса онда тағы да өзі қалаған медициналық мекемеге тіркеле алады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтында жарияланған тіркелу нұсқаулығының біраз қиындығы бар. Мәселен, емханаға тіркелу үшн «Емхана таңдау» түймесін басу қажет деп көрсетілген. Ал ол түймені табуды өз еншіңізге қалдырған. Ерінбей ізденген адам түймені бүкіл Қазақстандағы медициналық тізімдерімен бірге жүктелетін құжаттарға арналған беттегі «Пациенттерге арналған» қосымша беттен таба алады. Пациентке тұрғылықты жеріне жақын медициналық нысанды таңдауға кеңес берілгенімен одан ары не істеу қажеттігі көрсетілмеген. Тек қажетті құжаттардың тізімі ғана бар.

Электронды цифрлық қолтаңбаңыз болған жағдайда емханаға e.gov.kz электронды үкімет порталы арқылы тіркелуге болады. Ол үшін «денсаулық сақтау» бөлімінде «медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Барлық өрістер толтырылғаннан кейін пациент туралы ақпарат автоматты түрде емханаға түседі. Егер барлық қадам дұрыс жасалса, өтініш берушіге медициналық мекеменің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған тіркеу туралы хабарлама келеді. Дәл осы порталда қашан және қай уақытта жарналардың түскенін көруге болады. Бірақ, жалпы соманы өзіңіз есептеп алуыңыз қажет. Мұның барлығы «Денсаулық сақтау» бөлімінде қолжетімді.

Сандар сөйлейді

2021 жылдың қорытындысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында МӘМС үшін 751 млрд теңге жарналар мен аударымдар түскен. 15,5 млн адам медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы саналады. МӘМС аясында амбулаторлық деңгейде 290 млн консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетілді. 4,7 млн пациент стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде қызмет алып, 3,7 млн науқас амбулаторлық деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. 3 млн науқас күндізгі стационарларда емделді. 45,9 млрд теңгеге жуық қаражат МӘМС аясында медициналық оңалту төлемдеріне берілді. Ал 2 трлн теңге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмекті қаржыландыруға бөлінді.

МӘМС-ке не кіреді?

МӘМС жүйесінде сақтандырылған адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ұсынатын медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие болады. Оған мына медициналық қызметтер кіреді:

• профилактикалық медициналық тексерулер;

• учаскелік дәрігердің нұсқауы бойынша арнайы маманданған дәрігердің қабылдауы және кеңес беруі;

• созылмалы дертке шалдыққан жандардың бейінді мамандардың бақылауында болуы;

• уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсету;

• халықтың белгілі бір категориясына шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсету;

• диагностикалық қызметтер, оның ішінде лабораториялық диагностика (УЗИ, рентген, КТ, МРТ);

• мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялы, стационарлық медициналық көмек;

• медициналық оңалту;

• стационарда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.

Қазақстандықтар МӘМС үшін қанша қаражат шығындайды?

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар немесе бірыңғай әлеуметтік төлем төлеушілер қалада тұрса, 1 АЕК немесе 3 063 теңге, басқа елді мекендерде тұрса 0,5 АЕК немесе 1 532,5 теңге төлейді.

Жұмыс берушілер 2022 жылдан бастап қызметкерінің жалақысынан 3 пайыз жарна аударады. Бұл ретте аталған сома 18 мың теңгеден аспауы тиіс. Егер қызметкер 15 жеңілдікті санаттардың біріне жататын болса, онда ол үшін шегерімдер жасаудың қажеті жоқ.

Жалдамалы жұмысшылар жалақысынан 2 пайыз аударып жасайды. Бірақ, оның сомасы 12 мың теңгеден аспауы қажет. Жеке кәсіпкер, жеке нотариус, адвокат, кәсіби медиатор үшін ай сайынғы сома бекітілген және 2022 жылы 4 200 теңгені құрайды. Бұл ең төменгі жалақының 5 пайызын құрайды. Дербес төлем жасаушылар мен шаруа қожалықтарының мүшелері бір ең төменгі жалақыдан 5 пайыз төлем жасайды. Ол 2022 жылы 3 мың теңгеге тең.

МӘМС шенеуніктердің жемсауыты ма?

Экономист Арман Бейсембаев Қазақстандағы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істемейтініне сенімді.

«Бізде қандай да жақсы іс қолға алынса, онда ол міндетті түрде шенеуніктердің жемсауытына айналады. Өкінішке қарай, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) де соның кебін киіп отыр. Коронавирус толқыны жүріп өткен 2020 жылы да, өткен жылы да «жалақыдан аударым жасаймыз, бірақ өз қаражатымызға неге емделеміз» деген сұрақ ашық қойылды. Сөйтсек, көпшілік бұл сақтандыруға кірмейді де екен. Онда оның бізге қажеті қанша? Бұл сын МӘМС жүйесі құрылған алғашқы күннен бері айтылып келеді», - деді сарапшы.

Ал экономист Жәнібек Айғазин бұл жүйенің жұмыс істеп тұрғанына күмән келтірмейді. Оның атап өтуінше, елімізде МӘМС енгізілгенге дейін денсаулық сақтау саласы толығымен бюджеттен қаржыландырылып келді. Алайда, қазіргі уақытта араб елдерінен басқа бірде-бір мемлекет барлық шығынды бюджет қаражаты есебінен жаба алмайды. Мәселен, Дубайда ел азаматтарының ем-домы мемлекет қаражаты есебінен өтеледі. Алайда, Дубайда тұратын 5 млн адамның шамамен 2 миллионы ғана жергілікті тұрғын. Қалғандары шетелдіктер және олар медициналық сақтандыру төлеуге міндетті.

Экономистің айтуынша, Қазақстанда халықтың табиғи өсімі байқалады. Бұған қоса, адамның жасы ұлғайған сайын медициналық көмекке жиі жүгіне бастайды. Соған орай денсаулық саласына жұмсалатын қаражаттың көлемі де арта түседі. Елімізде өте қымбат медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бірнеше заманауи клиника бар және олар ел тұрғындарына бірегей оталарды тегін жасайды. Соңғы жылдары коронавирусқа қарсы вакцинация тегін жүргізіліп жатыр. Міне, осындай жағдайда МӘМС еліміздің денсаулық сақтау саласына түсетін жүктемені біршама төмендетіп отыр.

«Қазір бізде екі қаржы көзі бар – олар бюджет пен МӘМС жарналары мен аударымдар. Мұның өзі жеткіліксіз. Сұрақтар барлық уақытта болады. Бірақ, қалай десе де сақтандыру жүйесін қолдаймын. Бұл жерде дамушы ел екенімізді ұмытпауымыз қажет. Ал денсаулық сақтау – бұл экономикамыздың жай-күйінің лакмус қағазы. Ұлттың саулығы – бұл тамақтану мен спорт. Тамақтану жалақыға, ал жалақы экономикалық жағдайға байланысты», - деді Жәнібек Айғазин.

МӘМС жүйесін жетілдіру үшін не істеу керек?

Арман Бейсембаевтың пайымынша, Медициналық сақтандыру қорын таратып, барлық өкілетін жекеменшік сақтандыру компанияларына бөліп беру қажет. Ал мемлекет олардың жиналған қаражатты ашық жұмсауына және есеп беріп отыруына бақылау жүргізуі тиіс. Осы ретте сарапшы бастапқы кезеңде қор құрмай-ақ дайын құрылымды пайдаланып, сақтандыру нарығын дамыту дұрыс болар еді деген пікірде.

«Білдей бір қор құру қаншалықты қажет болды? Мұның үстіне медицина қызметкерлерінің өзі алаяқтыққа бара бастады. Ер адамға жатыры төмен түсіп кеткен деген диагноз да қойған жағдай бар. Ал жекеменшік компанияларда мұндай алаяқтық ауқымы үлкен бола қоймас еді. Жүйе ашық болуы үшін төлем жасаушыларға жеке кабинет ашып, жария есеп жүргізуге, сол арқылы ақшасының қалай жұмсалғанына, көрсетілген қызметтерді қадағалауға мүмкіндік беруге болады. Жұмыс берушілер сақтандыру компанияларымен келісімшарт жасай алады. Осыдан кейін жұмысшы медициналық қызмет алған соң анықтама тапсырып, ал сақтандыру компаниясы шығындарын жабар еді», - деді экономист.

Ал Жәнібек Айғазин болса, бәрі дұрыс жасалғанын, енді саланы цифрландыруға қарай ілгерілеу қажеттігін баса айтады.

«Келесі кезең – цифрландыру. Оны таяуда Президент те айтқан болатын. Дәл осы жайт мәселенің шешімі бола алады. Естеріңізде болса, денсаулық электронды паспортын енгізу мәселесі көтерілген еді. Мұны аурудың, оталардың барлық тарихы қолжетімді болуы үшін жасау керек. Түптеп келгенде бұл - ұлттың саулығы. Profile ең алдымен өзі жайлы білу үшін қажет. Ол әрбір емханаға, клиникаға, оның ішінде жекеменшік ұйымдарға да қолжетімді болуы тиіс. Соның арқасында қымбат дәрілік заттарды сатып алуды жоспарлау жеңілдей түседі», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар