Маңғыстаулықтардың Мақтаралға көмегін ұмытпаймыз - шымкенттік шөп шауып, Батысқа жөнелтіп жатыр
2021 жылғы 7 шілде 19:15

Маңғыстаулықтардың Мақтаралға көмегін ұмытпаймыз - шымкенттік шөп шауып, Батысқа жөнелтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының 25 жастағы тұрғыны еліміздің батысындағы қуаңшылыққа тап болған малды ауылдарға жем-шөп жіберу үшін екі аптадан бері ұйқы-күлкі көрмей еңбектеніп жүр. Оның бұл әрекеті әлеуметтік желіге тарап, қазіргі кезде оны қолдаушылар саны да артып келеді. ҚазАқпарат тілшісі энтузиаст жігіттің қазіргі жағдайын біліп, өзіне хабарласқан еді.

«Маңғыстау жақта қуаңшылықтан мал қырылып жатыр» деген суық хабар тарағалы біраз болды. Малды ауылдардың аянышты күйін баяндайтын суреттер мен видеолар әлеуметтік желіні кезіп жүр. Сол ақпарат 25 жастағы шымкенттік жігіт Құрмет Талапқазыны бейжай қалдырмаған сыңайлы. Жазып жатқан дипломдық жұмысын ысыра тұрып, шалғымен шөп шабуға кірісіпті.

«Жер-жерде малдың жұттан қырылып жатқанын әлеуметтік желі арқылы білдім. Қырылған мал мен оның иелеріне жаным ашып, іске кірістім. Өзім майда-шүйде саудамен айналысамын. Сырттай оқып жүрмін. Биыл төртінші курстамын. Диплом жазуым керек еді. Ол күте тұрар. Мына жақта ел жұтап жатқанда диплом жазамын деп қарап отыра алмадым. Істейтін ісім немесе басқа уайымым жол болғандықтан бұл істі қолға алғаным жоқ. Қоңыр тірлікті қарапайым ауыл қазағымын. Сарыағаш, Жетісай, Шардара халқы үніме құлақ асып, жұмыстың бір жағына шығысып жатыр», - деп бастады әңгімесін.


Бір өзі бірнеше адамның шаруасын тындырып, уақыттан тапшылық көріп жүрген жігітпен кеңінен сөйлесудің сәті түспеді. Сондықтан да өзі туралы мардымды ақпарат алу мүмкін болмады. Жұмыстан қолы қалт еткен сәттерде WhatsApp арқылы жолдаған сауалдарымызға жауабын қысқа қайырып отырды.

«Біреуі техника, біреуі шабындық, біреуі шөп беріп, көмектесіп жатыр. Негізінен әкімшіліктің қарамағындағы жолдың бойынан шөп орып жүрміз. Гектарлап шабындығын беріп жатқан жер иелері де бар. Тасымалдау жағы қиын боп жатыр. Жер шалғай ғой. Вагондар тегін берілсе, бұлайша қиналмас едік. Кейбір бизнесмендер өз бетімен көмек жинап жатыр деп естідік. Олардан көмек көрген жоқпыз. Қолдап жатқан сол баяғы қарапайым халық. Қуаңшылықтағы Батыстан да ақша қосып жатқандар бар. Олардан әзірге алмай отырмын», - деді сөз арасында.

Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас десе керек, жас жігіттің қайсар әрекетін әлеуметтік желіден көрген Гүлшан Артықбаева есімді адам Келес ауданы, Абай ауданынан Сарыағаштағы штабқа жетіпті. «Штаб» деп өзі атап алғаны болмаса, мұнда тұрақты жұмыс істеп жүрген үш адам ғана бар. Бірі – Құрмет, екіншісі – өзі, үшіншісі – Тараздан арнайы келген Нәзира Мұсаева.

«Естіген бойда келер едім, әкеміз өмірден өтіп, соның жетісін бергенше босай алмадым. Анам жасынан көпшіл адам. «Сен мұнда отырғанмен, әкең қайта тіріліп келе қоймас. Одан да елге пайдаңды тигіз» деп шығарып салды. Ұлым нағашы атасының қырқын өткізуге ақша жинау үшін Шымкентке жұмыс іздеп кетті. Сондықтан өзім ғана келдім. Шөп оруға келген адамдар 2-3 күн сайын ауысып тұрады. Қолы босағаны уақытында келіп, қайта кетіп жатыр. Қазір үш намазхан жігіт жүр. Сіздердің хабарласқандарыңызды айтып едік, «рия» болады деп аты-жөндерін де айтқызбады, суретке де түсіртпеді. Олардың орнын бұйырса, ертең Талдықорғаннан Мұратбек Солтанбай деген жігіт келіп басады. Біз әзірге ас-суын дайындап, шөп үйісіп жүрміз. Келіп жатқан жастардың бәрі елгезек. Бізге ауыр жұмыс істетпеуге тырысады. Арасында Шымкенттен еріктілер келіп, дайын тамақ әкеп беріп жатыр», - дейді Гүлшан Артықбаева.

Айтуынша, Сарыағаш ауданының әкімдігіне де, Түркістан облысыныың әкімдігіне де хабарласып, шөпті діттеген жерге жеткізуге көмек сұраған. Әзірге тым-тырыс көрінеді.

«Бүгінге дейін 5 вагон шөп жинап, вагондарға тиедік. Ол жұмысқа Құрмет жалғыз өзі шауып жүр. Вагонның жол ақысын халықтан жиналған ақшамен өтейміз. Әр вагон 380 000 теңгеден түсті. Сарыағаш ауданында шабатын шөп таусылғанша жүреміз. Павлодар облысынан шабындық берген адамдар бар. Кейін сонда баруымыз мүмкін», - дейді Гүлшан Артықбаева.

Осы істің бәрінде Құрметке қолдау көрсетіп, жөн сілтеп жүрген Сайлаубай Мейірбеков деген азаматпен сөйлесіп көрдік. Басында Құрметтің бұл бастамасы қанша жерге бара қояр екен деп алаңдағанын айтады.

«Құрмет, айналайын мұның қалай болар екен» деп едім, «Жер қазсам да жұтаған елге шөп жіберемін, аға» деді ғой. Басында қол орақпен орды. Кейін шалғымен шапты. Одан жұрт жиналып моторлы шалғы алып берді, қазір сонымен шауып жүр жігіттер. Бүгін 5 вагонның жол ақысына 1 млн 900 мың теңге құйдық. Сарыағаштан Маңғыстауға дейін жеткізу үшін бір вагонға 380 мың теңге сұрапты. «Каспиге» түскені 1 млн 550 мың теңге екен. 350 мың теңгені өзім қостым. Аздап кәсіппен айналысатынымыз бар. Құрметтің Қытайдан келгеніне 5 жыл болыпты. Мен 2 жылдан бері танимын. Туған баламдай боп кеткен. Өзі Қазақстанның азаматтығын алғанымен, әке-шешесі, аға-бауырлары түгел Қытайда. Бұған дейін де жетім-жесір, көпбалалы аналарға қолындағы бар ақшасымен пәтер жалдап беріп, үнемі кайырымдылық жасап жүреді. Содан да болса керек, екеуміз әке мен баладай араласып кеттік», - дейді Сайлаубай қажы.

Елден жиналған ақшаның есебін қазір осы Сайлаубай қажы жүргізіп отыр.

«Алматы облысынан Сейітжан деген Қытайдан келген қандасымыз ауылдастарынан қаражат жинап, 218 мың теңге жіберді. Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Бөріжар деген ауылдан Имаш деген жігіт хабарласып елден жинадық деп 200 мың теңге жіберді. Оның үстіне 2-3 мың орам жантақ орып береміз деп отыр. Отырар ауданы Көлқұдық ауылынан Нәби деген жігіт 120 мың теңге жіберді. Солтүстік Қазақстаннан Жалын деген жігіт 85 мың теңге жіберді. 600-700 мың теңге осындай жомарт жандардан түсті. Қалған ақша жан-жақтан тиын-тебендеп құралып жатыр», - дейді ол.

Ақшасы жоқ ағайын жұрт болып жұмылған істен шет қалмайық деп, шөп орып беруге кірісіп кетіпті.

«Шардара ауданы шөппен көп көмектесіп тұр. Вагонға артылған шөпті біразы солардікі. Тағы 15 мың орам береміз деп уәде беріпті. Отырар ауданындағы Бөген су қоймасының маңындағы бір ауылдан 3 000 орам шөп орып береміз деген уәде алдық. Ақсақалдар мешітке жиналып, сондай шешім шығарған екен. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымын редакторы Абай деген ағамыз бастап барып, екі рет шөп орысып қайтты. 6 вагон толтырсақ, ертең жолға шығуы керек. Ол шамамен 7 000 нығыздаған орам деген сөз. Жан-жақтан келіп, шөп алып кетіңдер деген ағайыннан тағы 30 мың орам шөп шығатын түрі бар. Жол ақысына ақша табылса, соның бәрін жөнелтуге болады. Қазір теміржолға дейін жеткізу де, вагонның ақысын төлеу де проблема болып тұр. Елден жиналған ақшаның бәрін соған салып отырмыз», - дейді Сайлаубай Мейірбеков.


Өз арасында бастамашыл топ Батыстағы жағдайды былтыр Мақтарал ауданында болған су апатымен салыстырады екен. Өзбекстанның «Сардоба» су қоймасы жарылып, Мақтаралдың бірнеше ауылы су астында қалғанда көмектің көбі Батыстағы ағайыннан жеткенін мұндағылар ұмытпаған. Сол жақсылықтың өтеуі болсын деп әлеуметтік желі арқылы бір-біріне үндеу тастап жүр. Жарасын жалап жазып, жыртығын жамап киген ауылдағы ағайын бір-біріне осылай сүйеу болып жатыр.

«Шамамыз келсе, Шымкент пен Түркістанның арасындағы жолдың бойын, Қаратау жақтағы бос жердің бәрін шауып, қуаңшылыққа тап болған ауылдарға жібереміз. Әлдымен Маңғыстауды қамтамасыз етіп алсақ деп отырмыз, олардың Мақтаралға жіберген көмегін ел ұмытқан жоқ. Бұйырса кейін Қызылордаға да көмектесеміз», - дейді Құрмет Талапқазы.

Жеке шаруасынан жұрттың мұқтаждығын биік қойған жігерлі жасқа «іске сәт» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT