Маңғыстаулықтар құрбандыққа онлайн тапсырыс беріп, қойды 80 мың теңгеге шала алады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстаулықтар «Qurban2022.kz» сайты арқылы құрбандыққа онлайн тапсырыс беріп, қойды 80 мың теңгеге шала алады. Қажетіне қарай, малдың басқа түрін таңдауға да болады. Бұл туралы облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Онлайн құрбандық малының тапсырыс сомасы: ешкі – 45 мың, қой – 80 мың, ірі қара мал - 520 мың, түйе – 580 мың теңге. Қой мен ешкіні бір адамның атынан, ал сиыр мен түйені 7 адамға дейін бірігіп шалуға болады», - деді Әнуар Елжанов өңірлік коммуникацилар орталығында өткен брифингіде.

Сондай-ақ, бас имам құрбандыққа қандай мал шалынатыны жөнінде де айтып өтті.

«Құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалу керек. Белгілі жасқа жеткен мал таңдалады. Мәселен, қой мен ешкі бір жасқа жетуі керек. Ал, ірі қара екі жаста, түйе бес жасар болуы шарт. Бір жасқа толмаған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі, дегенмен сақтық ретінде бір жасқа толған қойды шалған абзал», - деді ол.

Бас имамның айтуынша, «Qurban2022.kz» сайты арқылы онлайн тапсырыстар мен өтініштерді қабылдау 11 шілде сағат 12:00-ге дейін жалғасады. Малды жергілікті цехта арнайы оқытылған қасапшылар мен еріктілер сояды. Шалынған құрбандық еттері толықтай мұқтаж жандарға таратылады.

Сондай-ақ, сайтқа тек құрбандық шалуға ниет білдірген азаматтар емес, құрбандық етіне мұқтаж жандар да жүгіне алады.

Айта кетсек, айт күндері орталық Бекет ата мешітінің және өңірдегі өзге де ірі мешіттердің аулаларында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі.

Сонымен қатар, «Балалар жылы» аясында тұрмысы төмен отбасылардың балаларына рухани мерекенің мән-маңызын түсіндіру мақсатында «Құрбан айт базарлығы» үлестіріледі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Маңғыстауда Құрбан айттың бірінші күні қоғамдық көліктер тегін қатынайды.


Соңғы жаңалықтар