Маңғыстаулықтар бір күндік жалақыларын Арыс тұрғындарына аударуда

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Арыстағы төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға қажетті заттарды жинау үшін Маңғыстауда гуманитарлық көмек қабылдау пункті өз жұмысын бастады. Ол Ақтау қаласы 14 шағынаудан 36 «а» «Nur Otan» партиясы МО филиалы ғимаратының 3-қабатында орналасқан. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы МО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясы МО филиалы жанынан Арыс қаласына гуманитарлық көмек көрсететін жұмысшы тобы құрылды. Оның құрамында облыстық, қалалық, аудандық филиалдың қызметкерлері бар», - дейді «Nur Otan» партиясы МО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов.

Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері бір күндік жалақыларын Арыстағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде аударды. Медицина қызметкерлері мен облыстық телеарна ұжымы да қаражат жіберді.

Қиын сәтте қалған отандастарымызға қолдау көрсету азаматтық борышымыз - дейді кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев. Кәсіпкерлер де қол ұшын созуға әзір. Ақшалай және материалдық тұрғыда тұрмысқа қажеттілерін жібермек.

«Осы кешеден бері ұжым болып ақылдасып, осыған бір атсалысудың үлесі ретінде өзіміздің бір күндік жалақымызды көмек ретінде аударуға шешім қабылдадық. Ол енді шамамен айтқанда, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, содан соң филиалдарымыздың қызметкерлері барлығы бір ауыздан осындай қолдау көрсетеміз деп шешім қабылдады. Одан басқа, осы жергілікті кәсіпкерлер, біздің кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері өздерінің көмектерін көрсететін болады. Барлық Маңғыстаулық кәсіпкерлерді және ұжымдарды көмек көрсетуге шақырамын»,- дейді МО "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев.

Ал, өңірдегі медицина қызметкерлері, яғни облыстық аурухана, денсаулық сақтау басқармасы мен ұйымдары да бір күндік жалақыларын жіберді.

«Арыстағы жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Сондықтан ақ халаттылар бір күндік жалақыларын аударуға шешім қабылдады. Мысалы, бір Құрықтағы ауруханадан 500 мыңнан астам қаражат жіберіледі. Кейбір мамандар бұдан бөлек, тағы қаражатты қайырымдылыққа аударуда»,- дейді МО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Азамат Сәрсенбаев.

Сонымен қатар, телеарна мамандары да 300 мыңға жуық қаражат аударды.

Соңғы жаңалықтар