Маңғыстаулық жас кәсіпкер табиғи тыңайтқыш өндіре бастады

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында жеке кәсіпкер Гүлмира Құрманиязова әртүрлі әдістерді қолданып, органикалық тыңайтқыш түрі – компост өндіріп жатыр. Бұл туралы Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Компост – қазіргі кезде қолжетімді ең жақсы органикалық тыңайтқыштардың бірі. Оның құрамында өсімдіктің дамуы мен өсуіне қажетті барлық минералдар бар. Сондай-ақ топырақтағы ылғалды сақтап, өсімдіктерді суаруға жұмсалатын суды 40 пайызға дейін азайтады. Өсімдіктердің иммундық жүйесін нығайтып, әртүрлі вирустық аурулар мен ағаш зиянкестерінен қорғайды.

«Жеке кәсіпкердің негізгі мақсаты – өңірді жасыл аймаққа айналдырып, одан шыққан табиғи өнімдерді пайдалану. Кәсіпкер алдағы уақытта табиғи тыңайтқыш компост өнімін көбейтіп, Басқұдық ауылдық округінде орналасқан егістік базарындағы кәсіпкерлермен келісімшартқа отырып, нарыққа шығаруды жоспарлап отыр», - делінген баспасөз мәліметінде.

Кәсіпкерге Мұнайлы ауданының әкімдігі алдағы уақытта мемлекет грантын ұтып алып, кәсібін қаржыландыруға кеңес берді.

Айта кетейік, бұған дейін Қарақия тұрғыны жер тыңайтуға арналған калифорниялық шылаушын өсірумен айналысатынын жазған едік.


Фото: Маңғыстау облысы өңірлік коммуникация орталығы


Соңғы жаңалықтар