Маңғыстаулық шенеуніктер газ мәселесінің қашан шешілетінін айтты

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда бірнеше күннен бері облыстағы газ құю бекеттерінің бірінде сұйық отын болмаса, енді бірінде ұзын-сонар кезек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүргізушілер сағаттап кезек күткенімен енді жете бергенде отын таусылып қалады. Демалыс күндері халықты сергелдеңге салған газ мәселесі бүгінде де күн тәртібінен түскен жоқ.

Сұйық отынның тапшылығына байланысты Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ресми ақпарат таратты.

«Жалпы, Маңғыстау облысының сұйытылған мұнай газына ай сайынғы сұранысы 19 мың тонна. Оның 14 500 тоннасы «Қазақ газ өңдеу» зауытынан жіберіледі. Қалғаны Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізілуі тиіс еді. Аталған зауыт наурыздың соңына дейін жөндеу жұмыстарына жабылып, көлік отынының Маңғыстауға тасымалдануы уақытша тоқтатылды. Осыған орай еліміздің Энергетика министрлігі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-нан қосымша 504 тонна сұйытылған газ бөлді. Бұл сұйытылған газ алдағы 2-3 күнде өңірге келеді»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Қажеттілікті өтеп, қалыптасқан мәселені шешу үшін облыс әкімі шұғыл шешім қабылдады. «Қазақ газ өңдеу» зауытынан наурыз айының соңғы күндері берілетін газды бері жылжытып, бүгін-ертең газ құю бекеттеріне жіберіледі. Шенеуніктер бұл - мәселені толық шешуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.


Соңғы жаңалықтар