Маңғыстаулық шаруаларға 5 000 тонна бидай кебегі арзан бағамен жеткізіледі - министр

None
None
МАҢҒЫСТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының мал шаруашылығы кәсіпорындарына Азық-түлік корпорациясы арқылы арзандатылған бағамен 5 000 тоннаға дейін бидай кебегі жеткізіледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство басшысы астық қорын қалыптастыру үшін 200 мың тонна форвардтық сатып алуға 20 млрд теңге бөлінетінін де мәлімдеді. Былтырғы құрғақшылық қайталанған жағдайда ол мал мен құстың сақталуын қамтамасыз етеді.

«Биылғы мамыр-маусым айларында Азық-түлік корпорациясы арқылы арзандатылған бағамен 5 000 тоннаға дейін бидай кебегі жеткізіледі», - деді Ербол Қарашөкеев.

Ал Маңғыстау облысының әкімдігі 2022 жылға асыл тұқымды мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға жергілікті бюджеттен 579,7 млн теңге бөлді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының ұрғашы мал басы азығының құнын арзандатуға 384 млн теңге қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, мұнай компанияларының қолдауымен жемшөп бағасы 1 қап кебек үшін 1900-2100 теңгеден 3 200 тонна көлемінде 1500 теңгеге дейін төмендеді.

Азық-түлік корпорациясының резервінен босатылған азықтарды сату бағасы тоннасына 50 мың теңгені құрады, бұрын осы желі бойынша 220 тонна кебек сатылған. Тасымалдау және өзге де шығындар Маңғыстауда тоннасына 65-70 мың теңгені құрайды.

Соңғы жаңалықтар