Маңғыстаулық полицейлерге заманауи бақылау құралдары орнатылған көліктер табыс етілді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының полиция қызметіне 38 су жаңа көлік табыс етілді. Мұндай сыйлық Қазақстан полициясына 26 жыл толуына орай жасалып отыр, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов кілтін салтанатты түрде табыстаған көліктер қатарында 7 ToyotaCorollа, 24 LADA Vesta мен Largus маркалы автокөлік, 5-квадроцикл, 2-электромобиль бар. Олар соңғы технологиялармен жабдықталған, тіпті бейнекамералар қойылған.

Көлікке орнатылған бейнекамералар 360 градусқа бұрылады. 800 метр қашықтықта жол ережесін бұзған көлікті түсіруге қауқарлы. 2 режімде, күндіз және түнде жасайды. Тағы бір ерекшілігі, терезесін тұмшалап, қараңғылатқан көлікті бірден байқап, белгі береді.

Сонымен қатар, автомобильдерде сандық технологиялар орнатылған. Бұл хаттаманы электронды толтыруға мүмкіндік береді. Айталық, бұрын тәртіп сақшылары жол ережесін бұзғандарға хаттаманы қағазға толтырса, енді онлайнда 2 минутта жазады. Бұл жүргізушінің де полицейдің де уақытын үнемдейді.

«Бұрын хаттаманы 15-20 минут толтырған болса, оны тіркегенше бір тәулік жүретінбіз. Енді бірден электронды түрде толтырып, онлайн базаға тікелей енгізіледі. Бар жоғы 2-3 минут кетеді. Тіпті, қағаз шығаратын принтер де бар. Әкімшілік хаттаманы бірден шығарып, жүргізушіге бір данасын береміз», - дейді облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі басшысы Ұлықбек Мылтықов.

Тіпті, ЖСН нөміріңізді білу арқылы, 1 минутта сіздің жүргізуші куәлігіңіз бар ма, қандай жол режесін бұздыңыз, қанша мөлшерде төленбеген айыппұлыңыз бар екенін анықтайтын бағдарлама орнатылған планшеттер бар. Сондай-ақ, көлікте борт-компьютерлер бар. Бұл технология - жоғалған, іздеуде жүрген көліктерді, мемлекетік нөмірі жоқ көліктерді анықтайды.

Ал, 4 универсал көліктің артқы бөлігіне арнайы бос орын жасалған. Осы көлікпен әкімшілік құқық бұзушы азаматтарды ұстап, бөлімшеге апаруға мүмкіндік бар.

«5 квадроцикл теңіз жағасындағы қоғамдық тәртіпті сақтау күзетіне беріледі. Ол адам көп жиналатын құмды жерлер мен жағажайда қолданылады. Ал, 2 электромобиль 14-15 шағынауданда жүреді. Бұл көлікпен полицейлер жағажайда қоғамдық тәртіпті бұзған, ішімдік ішкен, бұзақылық жасаған адамдарды ұстайды», - дейді Ұлықбек Мылтықов.

Сонымен қатар, жапониялық көліктер аудандарға беріледі.

«Ішкі істер органдары қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекететтік биліктің ең маңызды құрылымы болып табылады. Елбасы адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуге тиіс деп көрсеткен болатын. Бұл халық алдында адал қызмет етуге ант берген қызметкерлерге үлкен жауапкершілік жүктейді», - дейді Ералы Тоғжанов.

2017 жылдан бері ішкі істер органдарының қызметін қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге, құқық қорғау жүйесін цифрландыруға 200 млн теңге бөлінген. Ал, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 2,1 млрд теңгеге бейнекамера алынды.

Шара соңында жедел-қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері мен ІІД арнайы мақсаттағы қызметі ұрыс-қимылдарын көрсетті.

Соңғы жаңалықтар