Маңғыстаулық кейуана ұмыт қалған өнерді қайта жаңғыртып жүр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгінде ұмытылып бара жатқан киіз басу өнерін жаңғыртып, ұрпаққа дәріптеп келе жаткан Мәруа анамыздың еңбегі ерен. Жетпісті алқымдаған ана қолы қалт етсе жүн түтіп, киіз басады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәруа Әжібаева – қазақтың «күпі киген» ұлттық өнерін заманауи нақышқа келтіріп, көпке дәріптеп жүр. Кейуана Бейнеу ауданы, Сарға ауылының тұрғыны. Қолөнер шебері 1949 жылы дүниеге келген. Атырау медицина колледжін тәмамдап, өз ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда ұзақ жылдар қызмет етті. Бүгінде 10 баланы өсірген «Батыр ана» өз шешесінен көрген өнегесін өрімдеп, киіз басып отыр.

«Бұрындары басылған киіз ұзатылған қыздарға да берілетін еді. Қазір азайып барады. Бұл текеметті астындағы қойдың күзем жүнінен (күзде қырқылған қойдың жүні) жасайды. Сол жүнді сабап, сосын қойдың жабағы жүнін бояп бетіне салады. Одан кейін шиге орап, ыстық су құйып тартады. Шиде пісіп шықса басуы жеңіл болады. Екі жағын қайырып тігеді, сосын өңдеп жайып қояды. Бір екі төсеп, қайта пісіріп өңдейді. Сонымен әдемі болып шығады»- , деп жасалу жолымен де бөлісті.

Бұрынғы ата-бабамыздан келе жатқан өнер, қазір ұмытылып бара жатыр. Жас кезімізде Тұрыш, Ақжігіт ауылдарында жасайтын адамдар көп еді деген өкінішін де жасырмады.

«Сіңлілеріммен бірге күніне бір киіз басатын едік. Қазіргі таңда зейнеттемін. Қолым бос уақытта аптасына бір киіз басамын. Тапсырыс қабылдайсыз ба деп келушілер бар, бірақ менің оған денсаулығым жарамайды, жасымыз да үлкейді. Немерелерім өсіп келеді солар көрсін, үйренсін деп жасаймын», -дейді Мәруа апа.


Соңғы жаңалықтар