Маңғыстаулық екі оқушының қалай коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстаудағы екі оқушының қалай коронавирус жұқтырғанын облыстың білім басқармасының басшысы түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше Маңғыстау облысында 3 оқушы мен 1 мұғалім коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.

Бүгін облыстың қоғамдық коммуникация орталығында Маңғыстау облысының білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиевтің қатысуымен брифинг өтті. Онда маңғыстаулық оқушылар мен мұғалімнің қалай вирус жұқтырғаны туралы түсінік берілді.

Асқар Сейдалиевтің айтуынша, кезекші сыныпта оқитын оқушы қазанның 8-інен бері мектепке келмеген. Анықталғандай, баланың әжесі «Сарыағаш» шипажайынан ауырып келген. Кейін «COVID-19» ПТР тестін тапсырып, ол оң нәтиже берген. Бала әжесінен вирус жұқтырған. Қазір отбасының барлық мүшесінен сынама тест алынған. Сондай-ақ, 14 қазан күні 1 сынып оқушысынан «COVID-19» вирусына тест алу нәтижесінде оның вирус жұқтырғаны анықталды. Белгілі болғандай, бала коронавирустың симптомсыз түрімен ауырған.

«Баланың көңіл-күйі жақсы, екі оқушы да қазір үй-ішімен бірге оқшауланды. Аталған сынып оқушылары мен сабақ берген үш пән мұғалімі карантинге жіберілді. Сынып карантинге жабылды. Сондай-ақ, 14 қазан күні Мұнайлы ауданындағы мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімінен «COVID-19» инфекциясы табылды. Бұл мұғалім Ақтау қаласындағы короновирус анықталған оқушының анасы. 7 қазаннан бері еңбекке жарамсыз парақшасын алдырған. Осы жағдайларды ескере отырып, штаттық режимде кезекші сыныптары бар білім беру мекемелеріне қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау басқарманың қатаң бақылауында»,- деді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында пандемия басталғалы 43 оқушы мен 23 мұғалім қауіпті індет жұқтырған. Қазіргі кезде құзырлы органдар білім беру ұйымдарына мониторинг жұмыстарын жүргізуде.


Соңғы жаңалықтар