Маңғыстаулық ата-ана 11-сынып оқушыларын ҰБТ-дан басқа сынақтардан босатуды ұсынды

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы әкімдігінің Telegram каналында 11-сынып оқушыларының тест тапсыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңір тұрғыны 11-сыныптағы оқушыларға бөлімді жиынтық бағалау және тоқсанды жиынтық бағалау тестінің қиын тиетінін айтып шағымданған.

Өйткені бұл қосымша тестілерді тапсыру ұлттық біріңғай тестке дайындалып жүрген оқушылардың зейінін бөледі.

Себебі бұл бақылау жұмысын оқушылар барлық мектеп пәні бойынша тапсырады. Ал бұл өз кезегінде ҰБТ-дағы таңдау пәндеріне дайындалатын уақытты алады екен.

Оның шағымына облыстық білім басқармасының өкілі жауап берді.

- Бөлімді жиынтық бағалау және тоқсанды жиынтық бағалау жүрмесе, оқушыға тоқсандық баға шықпайды. Тоқсандық баға шықпайтын болса, 11-сынып оқушысы аттестат алмайды. Аттестат алмаған бала ҰБТ-ға да бара алмайды. Сондықтан, ҰБТ-ға дайындықты сабақтан тыс уақытта және сенбі, жексенбі күндері 1-2 сағат уақыт бөлуді ұсынамыз, - деді білім басқармасының өкілі Клара Құлатаева.

Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, қазіргі таңда облыс әкімдігінің Telegram каналына 12 082 адам тіркелген. Осы уақытқа дейін қолданушылардан 13 860 сұрақ келіп түссе, оның 13 834-і шешімін тапты.


Соңғы жаңалықтар