Маңғыстаулық әскерилер алдандық деп арызданды

Фото: None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында «Батыл тойтарыс-2022» оқу-жаттығуларына қатысқан әскерилер әскери комиссариат тарапынан алданып қалдық деген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтуларынша, оларға оқу-жаттығуларға қатысқан 5 күн үшін 50-80 мың теңгеден төленеді деп уәде берілген. Оқу-жаттығулар 12 күнге созылады, бірақ қатысушыларға еңбекақы толық көлемде төленбеген.

«Оқу-жаттығуларға қатысу үшін бізді 5 күнге жіберді. Толығымен алғанда, мен онда 12 күн болдым. Менің ата-анама хабарласып, осында қалудан бас тартып отырған жалғыз адам деп айтқан. Соттап, 3 млн теңге айыппұл саламыз деп қорқытыпты»

, - дейді Бекжан Коляй.

Алданып қалдық деп жиналған ондаған адаммен Маңғыстау облысы жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Ғалым Андалиев кездесті. Айтуынша, бұл жігіттерге ақпарат дұрыс берілмеген.

«Оқу-жаттығулар 3 кезеңде өткізілді. 11-22 сәуір – аумақтық әскерлерді ұйымдастыратын тұрақты кезең болды. Оған 100 әскери міндетті шақырылды. Оларға еңбекақы жұмыс істейтіні немесе істемейтіндігіне қарамастан төленеді. Мәселен, егер ол жұмыссыз болса, онда оқу-жаттығуға қатысқаны үшін айына 60 мың алады. Егер ол жұмыс істейтін болса және оның еңбекақысы Маңғыстаудағы орташа жалақы көлемінен аспаса (яғни, 378 мың теңгеден төмен болса), онда өзінің ай сайынғы еңбекақысы көлемінде ақша алады»

, - деді ол.

Маңғыстаудағы оқу-жаттығулар Ақтаудан 15 км жердегі казармалардың бірінде болды. Ғалым Андалиевтің айтуынша, жігіттер онда әскери дайындықтан өткен. Басқарма басшысы қатысушылардың ақысы мамыр айында төленетінін айтты. Ал, наразылық білдірушілердің мәселесі бойынша қосымша жиналыс ұйымдастырып, барлық ақпаратты тиісті органдарға жолдайтынын мәлім етті.

Өкінішке қарай, бүгін Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жатқан сарбаздың көз жұмғанын хабарлағанбыз.



Соңғы жаңалықтар