Маңғыстаулық 18 оқушының қылмыстық істерге қатысы бар

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыстар өршіп тұр. Бұл жөнінде бүгін облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашевтың қатысуымен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жыл басынан бері өңір жасөспірімдерінің қатысуымен 66 қылмыс орын алған. Оның 50-ін кәмелеттік жасқа толмағандар жасаса, 32-сін техникалық-кәсіптік білім беретін колледждердің студенттері, 18-ін орта мектеп оқушылары жасаған. Тек Ақтаудың өзінде 19 қылмыстық іс тіркелген.

Жиында орта білім беретін мекемелерде тәрбиенің нашарлығы сынға алынды. Есірткімен ұсталып, топ болып төбелесіп, ақша жымқырып, дүкендерден ішімдік ұрлау дерегі бойынша қолға түскен студенттердің есімдері белгілі болды. Облыстың бас полицейі Қанат Таймерденов колледж директорлары мен ювеналды полиция қызметкерлерінің бірлескен жұмыстары мардымсыз екенін жасырмады.

«Ювеналды полициямен бірлескен жұмыс қалай жасалып жатқанын көріп отырмын. Қараңыздар, егер жұмыс жасалса, мектеп оқушыларының топпен төбелесуі немесе екі колледж студенттерінің екі жақ болып төбелесуі орын алмас еді», - деді облыстық Полиция департментінің бастығы Қанат Таймерденов.

Сондай-ақ түнгі мезгілде бақылаусыз жүрген 3242 жасөспірім тіркеліп, олардың ата-аналары Әкімшілік құқық бұзушылық заңының 442-бабымен жауапқа тартылды. Жасөспірімдерді бейімдеу орталығына 354 бала орналастырылған. Жалпы, облыстың құқық қорғау органдарында 189 жасөсіпірім есепте тұр. Және өңірде бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 167 қиын отбасы бар, олардың да перзенттері тіркеуде тұр.

Соңғы жаңалықтар