Маңғыстаудың киіз үйі Жапониядағы этнология музейінің төрінде тұр – Тамара Жұмалиева

None
АҚТАУ.ҚазАқпарат – Біздің дәстүріміз, қолөнеріміз, ұлттық құндылығымыз -қарашаңырағымыз - киіз үйдің ішінде тұр, дейді қазақтың киіз үйін ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізуге үлес қосқан мәдениет саласының үздігі Тамара Жұмалиева. Тамара Қалмырзақызымен сұхбаттасқан едік.

- Тамара Қалмырзақызы, киіз үйді әлемдік мұралар тізіміне енгізу жұмыстары қалай жүрді?

- 2012 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінен Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайына «Киіз үйді дайындаудың дәстүрлі білімдері мен дағдыларын» ЮНЕСКО-ның «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының көрнекті тізіміне» дайындап, ұсынуға тапсырма берілді. Көпұлтты номинациясы бойынша «Қырғыздың боз үйі» мен «Қазақтың киіз үйін» бірге ұсындық. Екі елдің мәдениет министрліктері бірлескен комиссия құрды. Мені сол комиссияға мүше ретінде қабылдады. Көп жұмыс атқардық. Комиссия талқылауына үш тілде құжатталған 10 фото, бейнефильм тапсырдық. Сұрақ-жауап түріндегі хаттамаға жауап жаздық. Сонымен жіберген дәлелді-дәйекті құжаттарымыз 2014 жылы қарашада мақұлданып, киіз үйіміз мұралар тізіміне еніп, қуаныштан төбеміз көкке жеткен. Бұл Қазақстан тарапынан тіркелген алғашқы номинация еді.

- Қазақтың киіз үйі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес игіліктері тізіміне енгізіліп, қорғауға алынды. Материалдық емес мұра деген не?

- Материалдық емес мұра дегеніміз ұлттық әуен мен саз, ән мен жыр, шеберлік пен дағды, ұлттық тағам, би т.б. әр ұлттың ерекше қабілетінен туған мәдени мұралары. Ол – ананың әлдиінен басталған әуен. Ол – ұлттық музыкалық аспаптың үні. Мысалы, түрікменнің дутарынан, қазақтың қара домбырасынан туған әуендер. Соны адамзат құндылығы ретінде сақтап қалу керек. Біреу жібек матаға өрнектеп кесте тігеді. Сол кестенің тігілу әдісі. Бір мемлекеттің басқа ешбір ұлтта жоқ ойыны болса, сол ойынның жүрісін, ережесін алайық. Соны тірілтіп, құжаттап, қорға қосу керек. Міне, материалдық емес мұра дегеніміз – осы.


- Киіз үйге деген көзқарасыңыздың ерекше екені байқалады. Өзіңіз осы ұлттық дүниемен қай кезден таныссыз?

- Біздің дәстүрміз, қолөнеріміз, ұлттық құндылығымыз - қарашаңырағымыз - киіз үйдің ішінде тұр. Мен ағаш үйді 4-сыныпта оқып жүргенде алғаш рет көрдім. Әкем үй көтергенде таңқалғаным бар. Ауыл балаларымыз ғой, шешелеріміз сабақтан демалысқа келгенде өрмекке қадап қойып, бау-басқұр тоқытатын. Талай өрмек тоқыдық. Салт-санамызды қалыптастырған, қазақтың дүниетанымын паш ететін осы ұлттық жәдігерімізді әлемге таныту бала күннен мақсатым болды десем, артық айтқандығым емес. Кейін 1995-2021 жылдар аралығында 25 жыл бойы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры болып қызмет атқардым. Еліміздің осындай бай мұрасын сақтау жолында үздіксіз, аянбай еңбек етуге тырыстым.

- Ал Маңғыстаудың да киіз үйлерінің ерекше сәнді екенін, өзінің әуелгі түр-тұрпағын сақтап қалғанын білеміз. Өңірде айтулы шеберлер де бар. Жалпы маңғыстаулықтардың киіз үйлері қандай мұражайларда тұр?

- Бүгін де өңірде мыңға жуық киіз үй бар. Жергілікті шеберлердің қолынан шыққан киіз үйлер жабдықталуымен ерекшеленеді. Ал 1970 жылдары Маңғыстаудан алынған киіз үй қазір Жапон елінің Осака қаласындағы этнология музейінің төрінде тұр. Астанадағы Ұлттық музей төріне тігілген киіз үй де - Маңғыстаудың үйі.

- Киіз үйді сақтап қалып, болашаққа жеткізу үшін не істеу керек?

- Киіз үйіміз жоғалмайды, өйткені әлемдік деңгейде қорғауға алынды. Ал біздің елдің де бұл тарапта жауапкершілігі жоғары. Қазақ елі осынау ұлттық дүниесін сақтауға, ұлықтауға міндетті. Қазір облыстық музейде киіз үй тігуден оқушылар арасында сайыс өтіп тұрады. Бірақ бұл аздық етеді. Халықты ата-бабамыздың мұрасын насихаттауға баулитын үлкен орталық ашуымыз керек. Мықты жастар шығып киіз үйді зерттесе қандай тамаша болар еді. Дәстүріміздің, қолөнеріміздің жарқын көрінісі болған киіз үйімізді ұлықтау ісі бір күн де тоқтамау керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!










Соңғы жаңалықтар