Маңғыстаудағы жағдайға байланысты «картелдік келісім» бойынша тергеу басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Отын-энергетика өнеркәсібі департаменті басқармасының басшысы Қуат Асамбеков Маңғыстау облысындағы жағдайға байланысты «картельдік келісім» бойынша тергеу басталғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Отын-энергетика өнеркәсібі департаменті басқармасының басшысы Қуат Асамбеков сұйытылған газ бағасының нарығында қалыптасқан жағдайға байланысты бірнеше облыста тергеу басталғанын мәлім етті.

«Агенттік өз тарапынан осы жағдай бойынша талдау жасады. Қазіргі таңда Маңғыстау облысында бағаны келсу бойынша, картельдік келісім бойынша тергеу басталды. Тағы да басқа Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша тергеулер жүргізіліп жатыр. Тергеу жақында басталғанына байланысты қазір қорытынды туралы айту ерте. Біршама уақыт керек болады», - деді агенттік өкілі.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі сұйытылған газ бағасынан басталған парақшасында Жаңаөзендегі жағдайға қатысты жазба жариялаған болатын.

«Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс. Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ, бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек», делінген жазбада.

Ал ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты Маңғыстау облысындағы жанармай стансаларының иелері сұйытылған мұнай газының құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдағанын жазды.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Үкімет баға дәліздерін белгілеу арқылы бағаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететінін айтып, халықты сабырға шақырды.


Соңғы жаңалықтар