Маңғыстаудағы жағдай жіті назарда – Мағзұм Мырзағалиев

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазМұнайГаз» Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндірудің 25 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде «ҚазМұнайГаз» Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндірудің 25 пайызын және көмірсутектерді өңдеудің 81 пайызын қамтамасыз етеді. Осы кезеңде мұнай өндіру көлемі 3 есеге өсті. Егер 2002 жылы бұл көрсеткіш 7,4 млн тонна болса, былтырғы қорытындыда 21,6 млн тоннаны құрады. Нәтижесінде компанияның мұнай өндіру көлемі 300 млн тоннадан асты. «ҚазМұнайГазға» еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты қарасты. Олар – Павлодар, Атырау, Шымкент зауыттары және Ақтау қаласында битум зауыты бар. 2002-2021 жылдары аралығында мұнай өңдеу көлемі 18,8 млн тоннаға дейін ұлғайды. Яғни, 8,2 есеге өсті», - деді Мағзұм Мырзағалиев «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» кешенді жоспарын жүзеге асыру жөніндегі кеңес барысында.

Оның дерегінше, бірлескен кәсіпорындарды қоса алғанда, «ҚазМұнайГаз» қарамағында 73 мыңнан астам қызметкер бар. Сонымен қатар ірі мердігерлік ұйымдар мамандарының саны 27 мыңды құрайды.

«Компаниямыз Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейді. Біздің кәсіпорындар көп шоғырланған аймақ - Маңғыстау облысы. Сондықтан бұл аймақтағы жағдай жіті назарымызда. Ондағы 18 кәсіпорында 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Сонымен қатар кәсіпорындарымызға қызмет көрсететін 90-нан астам мердігерлік ұйым бар. Ол мекемелерде 19 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Жаңаөзенде «ӨзенМұнайГазды» қоса алғанда, 6 кәсіпорын орналасқан. Оларда жалпы 13 мыңнан астам жұмыс істейді. Ал мердігерлік мекемелерде шамамен 12 мың адам», - деді компания басшысы.


Соңғы жаңалықтар