Маңғыстаудағы мал шаруашылығы биыл да қуаңшылықтан жапа шегуі мүмкін

Фото: None
Маңғыстау облысының әкімдіктері тарапынан мал азығы базасын дамыту жұмыстары өз деңгейінде емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасапсілтеме.

Бұл туралы ауыл шаруашылығы жануарларын мал азығымен қамтамасыз ету және мал жаю үшін жайылымдардың қолжетімділігі мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров атап өткендей, «Қазгидромет» болжамына сәйкес, биыл Маңғыстауда құрғақшылық күтілуде. Өңірде өткен жылы да құрғақшылық болып, салдарынан мал өлімі фактілері тіркелген.

«Үкіметтің жедел қолдау шараларының арқасында, мал азығымен қамтамасыз ету саласындағы жағдай тұрақталды. Көрсетілген болжамдарды ескеріп, бізге қазірден бастап азықпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуді бастау және өткен жылғы жағдайдың қайталануына жол бермеу қажет. Азықпен қамтамасыз ету жұмыстарының негізгі бөлігі жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылуы тиіс», - деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Үкімет өз тарапынан жағдайдың қайталануын болдырмау үшін 2022-2025 жылдарға арналған жемшөп өндірісі саласын дамыту жөніндегі Жол картасында көрініс тапқан жүйелі шараларды қабылдады.

Мал шаруашылығы департаменті директорының м.а Қайрат Мұтаевтың айтуынша, облыста 31,3 мың бас ірі қара бар, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2%-ға артқан. Түйе саны 95 мың басты құрады, өсім - 10,6 %. Жылқы саны 144,6 мың басты құрап, өсім 16,5 % болды. Ал қой саны 6,1%-ға азайып, 430,6 мың басты құрады.

Кеңес барысында проблемалық мәселелер де айтылды. Өткен жылғы қуаңшылыққа қарамастан, мал басының өсуіне байланысты жергілікті атқарушы органдар жемшөп базасын дамыту және жайылымдық алқаптарды жақсарту проблемаларын шешу бойынша әлсіз жұмыс жүргізуде. Аудандық әкімдіктер бекіткен жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарлар формальді сипатта, жерді қайта бөлу жұмыстары жүргізілмейді.

«Айта кету керек, облыстың агроқұрылымдарының көпшілігінде мал азығын дайындау техникасы жоқ. Тиісінше жем-шөп дақылдарын егу жұмыстары баяу», - деп хабарлады департамент өкілі.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы және қоғамдық пайдалану қажеттіліктері үшін бөлінген жайылымдық жерлердің ауданы шамамен 3,2 млн га құрайды, оның жартысынан көбі, 1,7 млн гектары тозған.

«Сонымен қатар, облыста 8,6 млн гектарға жуық босалқы жер бар, оларды суландыру проблемаларын шешу арқылы жайылым ретінде пайдалануға болады. Жемшөп өндірісін дамыту мәселесінде белсенділік байқалмайды немесе мүлде жүргізіліп жатқан жоқ деген қорытынды жасауға болады», - деп түйіндеді Қайрат Мұтаев.


Соңғы жаңалықтар