Маңғыстаудағы Қошқар ата көліне 100 млн тоннадан астам зиянды қалдықтар жиналған

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Қошқар ата қалдық көлінің радиоактивті және химиялық зияны туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Нарынбек Сұңғатов айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстағы басты экологиялық мәселелердің бірі - Қошқар ата қалдық қоймасы. Онда Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының үш зауытының 105 млн тоннадан астам қалдығы жиналған. Оның ішінде жиынтық белсенділігі 11,2 мың Кюри 51,8 млн тонна әлсіз радиоактивті қалдық бар.

Нарынбек Сұңғатовтың айтуынша, ойпаттың оңтүстік бөлігінде арнаулы жоба жасақталмастан, 1994 жылға дейін химия-гидрометаллургиялық зауыттың қатты радиоактивті қалдықтары көмілген. Қошқар ата қалдық қоймасының оңтүстік-шығыс бөлігінде Күкірт қышқылы зауытының өндірістік қалдықтары жатыр. Осылардың әсерінен қазір Ақтау қаласы мен Мұнайлы, Түпқараған аудандарының халқы мен табиғи ортасы «экологиялық қысымда» тұр.

«Осыған орай, Қошқар ата қалдық қоймасының экологиялық жағдайын тұрақтандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Уытты қалдықтардың шаңытуын бәсеңдету мақсатында қалдық қоймасына жыл сайын Ақтаудың кәріздік тазарту қондырғысынан шыққан 8-8,5 млн текше метр су айдалады», - дейді Нарынбек Сұңғатов.

Оның оңтүстік және оңтүстік-батыс бетінде 2015-2017 жылдары 8,2 га жасыл қорғаныш белдеуі өсірілсе, одан кейін 2017-2019 жылдары 30 га аумаққа жасыл белдеу өсіріле бастады.

«2018-2020 жылдар аралығында облыс әкімінің қолдауымен тағы 50 га аумаққа жасыл қорғаныш белдеуі құрыла бастады. Барлығы - 88,2 га болса, 2018 жылы соның 50% орындалды. 2019-2020 жылдары толықтай аяқтау жоспарда бар», - дейді Нарынбек Сұңғатов.

Қалдық қоймасының ел қоныстанған жиектері жасыл қорғаныш белдеуімен толық қоршалып шыққанға дейін жұмыс жалғаса бермек.

Соңғы жаңалықтар