Маңғыстаудағы ереуіл, сұйытылған газ, Жаңа Қазақстандағы депутат образы – Еділ Жаңбыршинмен сұхбат
2022 жылғы 5 наурыз 10:15

Маңғыстаудағы ереуіл, сұйытылған газ, Жаңа Қазақстандағы депутат образы – Еділ Жаңбыршинмен сұхбат

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпан айында Парламент Мәжілісінің депутаттары ел өңірлерін аралады және тұрғындармен кездесіп, аймақтағы өзекті мәселелерді талқылады. Елімізді шарпыған Қаңтар қасіреті де қоғамда біраз түйткілді мәселенің бар екенін көрсетті. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Маңғыстау облысынынан сайланған Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинмен Жаңаөзендегі жұмыссыздық, утиль алымы, сұйытылған газ және «Жаңа Қазақстан» идеясы туралы сұхбаттасқан еді.

– Еділ Терекбайұлы, елімізде Қаңтар қасіретінің өткеніне екі айға жуықтады. Қазақстан бұл оқиғадан қандай сабақ алуы керек деп ойлайсыз?

– Ең бастысы, жалпы елімізде өтетін шерулер мен түрлі акциялар бейбіт түрде өтуі керек дер едім. Сосын билік пен халық арасында тығыз коммуникация болу қажет. Әйтпесе халықтың көшеге шығып, өзінің мұң-мұқтажын айтуын басқа күштер пайдаланып кетуі мүмкін, олар заңсыз әрекетке итермелеуі, арандатулар болуы мүмкін. Халық қандай мәселені көтерсе де бәрін бейбіт жасауымыз керек. Ең басты мәселе осы. Бейбітшілікке жететін ештеңе жоқ. Өзіміз де куә болдық, Қаңтар оқиғасында көптеген қан төгілді, түрлі кәсіпкерлік нысандары, мемлекеттік ғимараттар мен мүліктер өртенді. Сондықтан бізге ең бірінші алатын сабақ – ұрыс-жанжалсыз барлық мәселені бейбіт түрде шешу.

– Депутат ретінде Қаңтар оқиғасына ықпал еткен мәселелерді Парламент қабырғасында көтерген шығарсыз?

– Комитетте де, пленарлық отырыстарда ел ішінде көптен бері айтылып жүрген қордаланған мәселелер көтерілді, олар Үкімет мүшелеріне, шешім қабылдайтын жоғары лауазымды азаматтарға айтылды. Біріншіден, бұл жұмыссыздық мәселесі. Елге барғанда немесе арыз-шағымымен сайлаушыларымыз жиі хабарласады, бәрінің айтатыны – жұмыссыз адамдар көбейген. Мысалы Жаңаөзен қаласында 12 мың адам, Қарақия ауданында 3 мыңнан астам адам жұмыссыз. Сонда Маңғыстау облысының бір қаласы мен бір ауданында 15 мың адам жұмыссыз отыр.

Халық көтерген екінші мәселе – азық-түліктің негізсіз қымбаттауы. Тағы бір мәселе – қазіргі делдал компаниялар, әсіресе электр энергиясын тұтыну тарифтерінің көтерілуі де халықтың қалтасын қағып отыр. Халық осы тарифтерге тапқан-таянғанын жұмсайды, коммуналдық тарифтерді төлейді. Осы мәселелерді біз де көтердік.

Одан бөлек, Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған азаматтарға көрсетілген зорлық-зомбылықтар мен заңсыз әрекеттер туралы Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің өкіліне сауал жолдадым. Себебі кім қандай қылмыс жасаса да, оған заңсыз қорлау, қорқыту-үркіту жасалмауы керек, бәрі заң аясында анықталуы керек.

Утиль алымы тақырыбы да қазір өте резонансты мәселе болып отыр. Оған қатысты ел ішінде түрлі ұсыныс-пікірлер бар, жақсы ұсыныстар да бар.

– Қаңтар айында Маңғыстаудағы ереуіл басталғанда, сол өңірден табылған депутаттардың бірісіз, қазір де Маңғыстаудан жұмыс сапарынан келдіңіз. Іссапарыңыз қалай өтті, қандай мәселелер талқыланды? Маңғыстау өңірінің басты проблемалары қандай?

– Маңғыстауда оншақты күн болдық. Өзіміздің жоспарлаған жұмыстарымызбен, жоспардан тыс шаруалармен де айналысуға тура келді. Біз барғанда бірнеше мекеменің жұмысшылары ереуілдеп тұрды. Жаңаөзендегі жұмыссыз жүрген жастармен де кездестік. Бұл жерде жұмыссыздықтан басқа, жалақыны көтеру мәселесі де бар. Себебі Маңғыстауда азық-түлік өте қымбат, тамақтың 80 пайызы сырттан келеді, коммуналдық тарифтер өте үлкен. Осыған байланысты халықтың әл-ауқаты төмендеп кеткен және кей ұжымдар наразылыққа шығып, жалақыларын көтеруді сұрап отыр.

Одан басқа Маңғыстауда әлі күнге дейін құрғақшылық мәселесі бар. Биыл да жаңбыр жоқтың қасы деуге болады. Біз барғанда «Шопан ата» қауымдастығы малшылардың өңірлік құрылтайын өткізді, соған қатыстық. Онда климаттық технологиялар мүмкіндігін пайдалану туралы әңгіме болды, көп азаматтар қолдап, кәсіпкерлер мен азаматтар қаржы жинап, жаңбыр жаудыру технологиясына эксперимент жасағалы отыр. Әрине, сырттан жеп-шөп тасып, мал бағу қиын. Оны сатып алатын халықтың қаржысы да қалған жоқ.

Үшіншіден, іссапарда балықшылар мәселесі де көтерілді. Біз Балық шаруашылығы комитеті басшысына телефон соғып, орынбасарын шақырып, балықшылармен кездестіріп, дөңгелек үстел жасадық. Әкімшілік пен комитет өкілдері және балықшы тұрғындар келді. Мысалы балық аулауға рұқсат беру тәртібі қолайсыз, теңізде түрлі жағдай болады, балықшылар уақытынан кеш келсе, бәріне айыппұл салынады. Балық аулау үшін жағаларды учаскелерге бөліп тастаған, оны аз ғана адам иеленіп алған, оған рұқсат алу қиын. Сосын Құтым балығы Қазақстанда ғана Қызыл кітапқа енген, бірақ Каспий жағасындағы өзге елдерде ол балыққа тыйым салынбаған. Оны да Қызыл кітаптан шығару керек деген ұсыныс айтылды. Балық аулауға рұқсат алу үшін жер учаскесі, цехы мен кемесі болуы керек. Балықшының бәрі цех сала алмайды ғой. Жалпы балық аулауда жүйелі проблемалар бар екен, оған қатысты заңнаманы, нормативтік-құқықтық актілерді түбегейлі қайта қарау керек.

– Жаңаөзенде жұмысшылар ереуілі тоқтады ма? Жаңаөзеннің мәселесін Маңғыстаудан бөлек қарастырайықшы, бұл қалада қандай мәселелер шешілмей отыр?

– Жаңаөзенде бұрғылау компаниясының қызметкерлері мен жұмыссыз тұрғындардың ереуілі әлі тоқтаған жоқ. Жаңаөзенде айлығы жақсы мекемелер де бар. Бірақ жалғыз мұнай саласында барлық тұрғын жұмысқа тұра алмайды. Жаңаөзен кезінде бар болғаны 40-50 мың адамға арналған шаһар еді. Қазір ол жерде 170 мыңдай халық тұрады. Былайша айтқанда халық саны 2-3 есеге, тіпті 4 есеге өсіп кетті. Ал мұнай компаниясы сол күйінде қалды, штаты өспейді, оның шығаратын мұнай көлемі де сол күйінде. Қасындағы сервистік компанияларды қосқанда 15-17 мыңдай адам жұмыс істейді. Енді қазір Жаңаөзенде 12 мыңдай халық жұмыссыз отыр. Ол үшін тағы бір «Өзенмұнайгаз» секілді ірі компания ашылмаса, халықтың бәрін жұмыспен қамту мүмкін емес. Сондықтан ол жерде жұмыссыздардың талабы – жұмыс тауып беру, ал жұмысы бар ереуілшілердің талабы – компанияның ішкі мәселелеріне қатысты, жұмыс жағдайларын жақсарту, жалақыларын көтеру, техникаларды жаңалау.

Жалпы менің түсінгенім, компаниялардың басшылары мен жұмысшылары арасында тығыз коммуникация жоқ. Егер олар кездесу жасап, келісімге келіп, әрқайсысы өз міндеттемелерін орындаса, көп мәселе шешілер еді. Мысалы «Бозашы Транс Құрылыс» компаниясының 700-ге жуық жұмысшысы наразылыққа шықты. Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев екеуміз сонда бардық, Қазмұнайгаз бен тапсырыс беруші компаниялардың басшыларын шақырып, дөңгелек үстел өткіздік, өзіміз модератор болдық. Мекемеде коммуникацияның жоқтығы көрініп тұрды. Жұмыс жағдайын жақсарту, еңбекақыны көтеру, әлеуметтік пакеттермен қамту деген сияқты жұмысшының да заңды талаптары бар. Оны да кәсіпорын басшылығы дұрыс сақтамаған. Әр тарап өз ұсыныстарын айтты, жалақы көтеріліп, жағдай дұрысталатын болған хаттама жасалып, қол қойылып, ереуілшілер жұмысқа шықты. Осындай кері байланысты дұрыстаса, адамдарды көшеге шығармай-ақ, Президентке бейнеүндеу жолдамай-ақ, көп мәселені үстел басында шешуге болады. Қоғаммен байланыс - жалғыз Маңыстауда емес, бүкіл Қазақстанда кенже қалып қойған сала. Жергілікті билік әлі ескі механизммен, ескі шаблондармен жұмыс істеп жүр. Біз енді өзгеруіміз керек, Мемлекет басшысы халық үніне құлақ асыңдар деп тапсырма берді. Бар мәселені қарастырып, шешуге тырысу керек, болмаса қолымыздан келмейді деп ашық айту керек.

Жұмыссыздық мәселесін шешу үшін қандай шаралар жасау керек? Қандай нақты бастамалар ұсынар едіңіз?

– Қазір облыстық комиссия жұмыс істеп жатыр, оны облыс әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев басқарады. Мысалы «Өзенмұнайгаз» АҚ-да қосымша жұмыс орындары ашылды. Одан басқа, «Өзенмұнайгаздан» тендер арқылы жұмыс алып отырған компаниялар бар. Оларға қосымша жұмыс орындарын ашу жөнінде ұсыныстар берілді. Басқа да құрылыс нысандары бар, Маңғыстаудың кешенді жоспарына қарай көптеген инвестициялар құйылып, өндіріс ошақтары ашылу керек, соған да жұмысшылар кірігізіледі. Жалпы менің ойым – мәселе шыққанда ғана өрт сөндіруші команда секілді жүрмеу керек. Облыста барлық аудан, қалаларды қамтитын жұмыссыздықты жою жөніндегі кешенді жоспар жасақталса. Онда ірі компанияларда жұмыс орындарын ашумен ғана шектеліп қалмай, орта және шағын бизнес мүмкіндіктерін қарау керек. Сосын жаңадан салынатын құрылыс нысандарына да жергілікті мамандарды тарту маңызды. Жаңа бизнес көздерін ашу да жұмыссыздықты азайтады.

Одан басқа «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысын ауысымға өткізу мәселесі талқыланып жатыр. Қазір мұнайшылар 5 күн жұмыс істеп, 2 күн демалады дейік. Ал ауысымдық жүйеге ауысса, 7 күн жұмыс істеп, 7 күн демалады. Яғни тағы қосымша адамдарды жұмысқа орналастыруға болады. Атырау, Ақтөбе секілді басқа өңірлерде вахталық жұмыс істеу мүмкіндігі болса, оған да барған жөн.

Жұмыссыздықты жоюдың тағы бір жолы – мұнай компанияларына келетін импорттық тауарларды өзімізде шығару. Жалпы Қазақстан 2021 жылы 41,1 млрд АҚШ долларына тауар импорттаған екен. Шетелден сатып алатын заттарды өзімізде өндіру керек. Қазір әлемдегі жағдайдың ушыққанын көріп отырмыз. Доллардың курсы шарықтап кетті. Демек, сырттан келетін тауар да қымбаттайды деген сөз. Сондықтан, тамақтан бастап, темір мен машина құралдарын жасау, құбырлар мен насостарды шамамыз келгенше өзіміз өндіруге тырысайық. Сонда қаражат та өз елімізде қалады, қосымша жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік туады. Салық базасы да көбейеді.

Халықтың біліміне келсек, қызыл дипломмен университет бітіргендер де жұмыссыз жүр. Бізде демографиялық өсім бар, бірақ жұмыс орындары онымен бірдей кеңейіп жатқан жоқ. Оған қоса, пандемия кезінде екі жылда көптеген жұмыс орындары қысқарып қалды.

– Жалпы, еліміздің өңірлерін дамыту үшін қандай шаралар жасалуы тиіс? Тек қана ірі мегаполистерге көңіл бөліп, аймақтарды ұмытып кетпедік пе?

– Иә, жалпы экономикалық қарым-қатынастарды қайта қарау керек. Осы күнге дейін жасалып келген механизмдер өз деңгейінде нәтиже берген жоқ. Расында да мегаполистерге мән беріп, бірлі-жарым қалаларды ғана дамытып, ауыл-аймақтарды ұмытып кеттік. Ауылдағы жағдай қиын болғандықтан көбі қалаларға көшті. Қалаларда жұмыс таба алмай, түрлі мәселелер туындайды. Ең әуелі ауыл шаруашылығын дұрыс дамытуымыз керек. Себебі біздің жеріміз, климатымыз оған мүмкіндік береді, бірақ су мәселесі туындауы мүмкін. Адам қанша өмір сүрсе де, қандай қоғамда тұрса да оған тамақ керек. Өзімізде бейімделген мал да бар, дәнді дақылдар да бар. Сондықтан ең алдымен, мемлекетіміздің қауіпсіздігін ойласақ, халқымыздың болашағын ойласақ, азық-түлік қауіпсіздігіне мән беріп, оны жүйелі жолға қоюымыз керек. Бұл ретте сырттан бізге келіңкіремейтін модельдерді әкелмей, өзіміздің ата-бабамыздан қалған дәстүр бар, мал бар, тұқымдар бар, соларды дамытып, шаруаларға ыңғайлы жағдай жасау керек.

Экономика саласында да осы мәселе – түрлі шетелдік модельдерді әкелдік те, бұрынғы қалыптасқан дүниені бұзып алдық. Бір компанияның артында бір-біріне байланған компаниялар тұр. Олардың жалақысы төмен, жыл сайын тендер өтеді, келешекте не күтіп тұрғанын білмейді. Осының бәрін түбегейлі өзгерту керек. Жұмыс істейтін компанияның ұзақмерзімді келісімшарты болып, тұрғындар 5 жыл, 10 жыл тұрақты жұмыс істейтініне сенімді болуы керек. Өзімізде де көп дүние шығады, оның бәрін шетелге шикізат күйінде сатпай, өңдеумен айналысуымыз керек. Онымен айналысатын және қосымша қызмет көрсететін компаниялардың бәрінде көпжылдық келісімшарт болуы керек. Міне сонда ол маман дайындайды, өзінің оқу орындарын ашады, сонда өз компаниясын дамытуға мүдделі болады, жаңа технологияларды әкеледі, тендерді бір жыл алып, келесі жылы алмаса – инвестициялаудың не керегі бар? Осындай жүйелі жұмыстарды атқару қажет.

Бізді құртқан үшінші мәселе – сыбайлас жемқорлық. Біз әр адамның қасына прокурорды, сыбайлас жемқорлықпен күресетін агенттіктің адамын қоя алмаймыз ғой. Ол үшін адамдарды рухани тәрбиелеумен айналысу керек еді. Экономика деп жүргенде рухани мәселелерді ұмытып кеттік. Адамның жүрегі таза болса, өзін де таза ұстайды, жаман қылыққа бармайды. Шенеуніктерді, бизнес саласындағы адамдарды, қарапайым қызметкерді де рухани тәрбиелемесек, ол адамда қанағат болмаса, қандай озық модельді әкелсек те, бюджеттен қанша қаржы құйсақ та, тонау мен ұрлау жалғаса береді.

– Сұйытылған газды электронды алаңда сату бір жылға шегерілді, бағасына мораторий жарияланды. Ал одан кейін халықты не күтіп тұр? Сұйытылған газ бағасы қанша теңге болуы мүмкін?

– Сұйытылған газ бағасына 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шектеу қойылды. Мен сізге қызық айтайын, өткенде Маңғыстауға барғанда газ зауытының директорын кезіктірдім. Қазір газ өңдеу зауытында газ артығымен тұр, қайда жіберерін білмей жатыр екен. Оған дейін газ жетпейді деп келді ғой, Самат Мұсабаев екеуміз көктемде барып, осы мәселені қарастырғанда 14500 тонна газдың толықтай Маңғыстау облысына жететінін есептеп дәлелдегенбіз. Енді бүгін барлық жағынан бақылауға алып, қадағалау күшейген соң газдың толық жетіп, артығымен қалып қойғанын көріп отырмыз. Тіпті кей жерде баға 38-40 теңгеге дейін түсіп кеткен. Неге? Яғни біздің газ сыртқа кетіп отырған. Басқа өңірлерге кетті ме, шетелге сатылды ма, оны құқық қорғау органдары анықтай жатар. Яғни ортада делдалдар мен алыпсатарлар біздің газдың көп бөлігін сыртқа әкетіп, өзімізге газ жетпей қалған немесе жасанды түрде бағасын көтерген. Ал қазір газ толығымен жеткілікті. Мен тек Маңғыстаудың жағдайын айтып отырмын, мұнда көліктердің 90 пайызы газбен жүреді. Басқа өңірлермен салыстырғанда ондағы газ тұтыну өте жоғары. Сондықтан шығып жатқан 14 500 тонна газ Маңғыстаудың өзін қажетті деңгейде қамтамасыз етіп тұр. Егер осы механизм жұмыс істеп тұрса, қадағалау дұрыс болса, газ дефициті мүлдем жоқ деген сөз.

– Қазір қоғамда «Жаңа Қазақстан» сөзі жиі айтылып жүр. Президент те «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деген үндеу тастады. «Жаңа Қазақстан» идеясын қалай түсіну керек, оның тұрғындары қандай болуы керек? Бұл тек билік басындағыларға емес, еліміздің әрбір азаматына артылған жауапкершілік қой?

–Қазақстанды жаңа бағытта дамыту үшін, жаңа өзгеріске бет бұруымыз үшін әрбір қазақстандықтың өзі өзгеруі керек. Шынында да таза, ашық, халықтың жағдайын ойлайтын, әл-ауқатын көтеретін Қазақстанға қарай бет бұруымыз керек. Ол үшін әр адам өзгеруі керек – билік басында отырған әр шенеунік, әр азамат, әрбір қарапайым тұрғынға дейін «Жаңа Қазақстанды» жасауға мүдделі болуы керек. Тек өзінің қара басын ойласа, өзіме болсын, өзім пайда тапсам, қалғанында шаруам жоқ десе – Қазақстан дамымайды.

– Жаңа Қазақстан құрудағы басты кедергілер қандай? Яғни жаңаруды алдымен неден бастауымыз керек? Президент айтқан тапсырмалар, реформалар қанша жылда орындалуы мүмкін?

– Бізге кедергі боп отырғаны – қалыптасып қалған ескі ойлау жүйесі, қасаң формат пен әдістер дер едім. Әсіресе жергілікті биліктегі басшылар әлі күнге дейін ескіше ойлайды. Баяғы ескі әдістер мен технологияларды қолданады. Біз одан кетуіміз керек, жаңаша ойлауымыз қажет. Егер сол «ескі арбамен» жүре берсек, жаңа Қазақстанның «көлігіне» міне алмаймыз. Қазақстанның өзгергенін, талаптың басқа екенін ең алдымен жергілікті жердегі шенеуніктер түсінуі керек.

Президент көптеген реформалар жасап жатыр. Іске асып жатқандары да бар, уақытты қажет ететін дүниелер де бар. Мемлекет деген үлкен машина ғой, оны бір күнде жөндеу, бір күнде өзгерту мүмкін емес. Жан-жақта болып жатқан қақтығыстар, турбуленттік өзгерістердің бәрі бізге әсер етіп отыр. Сондықтан 10 айдан кейін немесе бір жылдан кейін түзеліп кетеміз деп кесіп айту қиын. Бірақ Қазақстанды түзеуге болады. Себебі бізде өте үлкен ресурс бар, материалдық және рухани ресурс бар, үлкен интеллектуалдық мүмкіндігіміз бар. Білім жағынан да, іскерлік жағынан да мықты халықпыз. Ең бастысы – осы жұмыстар іске асқан кезде бәрін әділ жасау керек. Әділ жасалатын болса, көп реформаларды іске асыруға болады. Иә, саяси реформалар керек. Ашықтық керек. Халық сенген билік қана жақсы реформалар жасай алады. Ешкім бізге сырттан келіп, жаңа Қазақстанды, әдемі Қазақстанды жасап бермейді.

– «Ескі командамен «Жаңа Қазақстан» құру қиын» деген пікірге қалай қарайсыз? Мұнда кадр тапшылығы бар екенін де ұмытпау керек шығар?

Менің ойымша, кадр мәселесі ең бірінші алға қойылуы керек, соған арқа сүйеп, Қазақстанды жаңарта аламыз. Себебі кадр бәрін шешеді. Шынында да Қазақстанның өзгеруіне мүдделі, реформаторлық ойлары бар, ашық жұмыс істей алатын кадрлар болса, ескі-жаңасына қарамай, бәріне мүмкіндік беру керек. Себебі олар – Қазақстан азаматтары. Оларға да кезінде мүмкіндік бермеген шығар, амалсыздан жүйе ішінде отырған шығар. Осы реформаларды жасауға мүдделі, жақсы ой-пікірі бар, халықпен коммуникация жасай алатын, берген тапсырмаларды дер кезінде атқаратын азаматтар қазіргі билікте де бар ғой. Жалпы әр маманды жұмысына қарай бағалау керек. Жұмыс істегісі келетін, елге шынымен жаны күйетін азаматтар биліктің ішінде де, сыртында да бар. Жалпы ел – тұнып тұрған қазына, мықты азаматтар халық ортасында бар. Елді жаңалау үшін, жаңа ойлы азаматтар, жаңа буын, жаңа ағым керек.

Қазір саяси-экономикалық реформалардан басқа тағы бір мәселе – мықты менеджерлерді таңдай біліп, тиісті жерлерге тағайындау болып отыр. Елде білікті азаматтар бар, кей азаматтарға міндет дұрыс қойылмайды. Басшының берген тапсырмасына да көп нәрсе байланысты. Сосын біреулердің деңгейі бір салаға мықты да, басқа саланы тарта алмауы мүмкін. Сол үшін мамандарды дайындап, өз саласына жіберу керек. Мысалы қой бағып жүрген шопанды наубайханаға апарып нан пісіртіп қоймайды ғой. Әркімнің мүмкіндігіне, әлеуетіне қарап, соны ұтымды пайдалану керек. Ағайыншылықпен, жақындықпен, рулықпен немесе баяғы менің командам еді деген ұстаныммен тағайындайтын болсақ, дамымаймыз.

– Өзіңіз бастамашы болған «Жаңа Қазақстан» тобы жөнінде айтып беріңізші. Оның құрамына қай депутаттар енді? Ең алдымен қай мәселені көтергелі отырсыздар?

– Заңға сәйкес, Парламент және депутаттық статус туралы заңда депутаттық топ құруға рұқсат етілген. Оған тек Мәжіліс депутаттары кіре алады. Депутаттық топ құру тәжірибесі алдыңғы шақырылымдарда болған, бұл шақырылымда біз құрып отырмыз. Әзірге топ құрамында «Аманат» партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ақжол» партиясынан және Ассамблеядан 31 депутат бар. Үш тең төрағасы бар – Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Наталья Дементьева.

Біз «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобын үш бөлікке бөлдік – бірінші топта мен куратор боламын, бұл жерде аграрлық бизнес, өндіріс, экономика, энергетика, экология тақырыптары қаралады.Екінші бөлікте – адам құқығы, халықаралық қатынастар, қауіпсіздік мәселесін Айдос Сарым басқарады. Үшінші бөлік – әлеуметтік, мәдени, жастар саясаты бағытында жұмыс істейді, оны Наталья Дементьева басқарады.

Біз жалпыұлттық мәселелерді, жаңа реформаларға мұрындық болу сияқты жұмыстармен айналысамыз. Одан бөлек, Қорғас бекеті, базарлар, утиль алымы секілді Президент берген тапсырмалардың орындалуын қадағалау. Сондай жекелеген және қоғамда резонанс тудырған мәселелерді қадағалауға, бақылауға және іске асыруға көмектесеміз. Заң жобаларына бастамалық етуге де мүмкіндіктеріміз бар. Оған қоса, партиялар республикалық деңгейдегі мәселелерді көтереді де, өңірлік мәселелер қалып қойып жатады. Сол регионалды аспектіге көбірек көңіл бөлеміз. Мысалы ереуілдер секілді өңірлерде өзекті мәселелер көтеріліп жатса, депутаттық топ соған барып, келіссөздер жүргізіп немесе тиісті органдарға сауалдар жолдап, шешуге тырысатын болады.

Тағы бір мәселе – елдегі протестік топтармен де кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өзіміздің заң шығару жұмыстарына араластыруға мүдделіміз. Олар да біздің азаматтар, олардың да үні естілуі керек және саясаттан тыс қалып қоймауы қажет. Яғни, тек қана партияластарымызбен емес, қоғамдағы барлық топтармен, әсіресе протестік топтармен жұмыс істеуді де жоспарлап отырмыз.

– Билік басындағы атқамінерлердің, депутаттың қазіргі образы халық арасында әрқилы деуге болады. Жағымды образда болу үшін депутаттар қалай жұмыс істеуі керек? «Жаңа Қазақстанның» депутаттары қандай болуы керек?

– Депутат өзінің жағымды образын қалыптастыру үшін ғана жұмыс істеу керек деп ойламаймын. Ең әуелі ол өзінің міндетін орындауы керек. Жалпы депутат – халықтың үнін билікке жеткізетін ортадағы көпір, дәнекер іспеттес. Мәжілістің депутаты заң шығарумен айналысады, онда халыққа ыңғайлы, әл-ауқатты көтеретін, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін, мемлекеттің дамуына ықпал ететін заң нормаларын шығаруға атсалысуы керек.

Сосын біз партия атынан, өңірлерден сайланғаннан кейін сол өңірлерге жиі барамыз. Жалпы сайлаушылармен тіке кездесіп, олардан қашпай, бірге жұмыс істеуіміз керек. Бұл да бір саяси мәдениет. Тек қана елге 10 күндік іссапарда немесе сайлауда емес, үнемі байланыста болуымыз керек. Мысалы мен өз жұмыстарымның есебін беріп отырамын, халық депутаттық сауал қойғаннан басқа да жұмыстарымыз бар екенін білуі керек. Қалай болғанда да барлық коммуникация құралдарын пайдаланып, халықпен кездесіп, айтылған мәселелерді тыңдау қажет. Тұрғындар да , атқарушы билік пен заң шығарушы биліктің өз функциялары бар екенін білмеуі мүмкін. Депутат бәрін шешеді деп ойлауы мүмкін. Оны да түсіндіріп, халықтың саяси деңгейін, саяси сауатын көтеріп отыру керек.

Депутат пен халық арасында тығыз байланыс болса, ол депутат барлық уақытта ел мүддесіне жұмыс істесе, ел қай кезде де оны қолдайды, сайлайды. Сенім болу үшін нақты атқаратын ісін айтуы керек, істей алмайтын жұмысты да мойындауға тиіс. Халыққа жалған уәде берудің қажеті жоқ. Халық сені жақсы көріп, қолдауы үшін сен де халықты жақсы көруің керек. Мысалы Маңғыстау облысының әр ауданында менің екі бейресми өкілім бар. Көбі жергілікті мәслихат депутаттары, солар арқылы ақпарат беремін және алып отырамын. Барлық уақытта өңірде не болып жатқанын әлеуметтік желіден де, өз өкілдерім арқылы да біліп отырамын. Одан басқа менде бірнеше фокус топтар бар. Мысалы пандемия кезінде маңғыстаулық жігіттермен бірге тұрғындарға көмектесу үшін «Халыққа көмек» штабын құрған едік, сол штабты әлі таратпай ұстап отырмыз. Маңғыстауда кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасымын, ол жерде 20 шақты кәсіпкер отыр. Олардың да мәселесін талқылаймыз. Осылайша, елде бір мәселе шықса, лезде үн қатамыз, ұшып барып, мәселені тез шешуге тырысамыз немесе сол мәселені шешу үшін сауал жолдаймыз.

Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет!


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT