Маңғыстаудағы Басқұдық ауылында 2 мектептің құрылысы басталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында 2 мектептің құрылысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқұдық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Саламат Ильджанов мәліметінше мектептің бірі - 1200, ал екіншісі - 600 орындық. Басқұдықта халық санының көп болуына байланысты білім ошағы аздық етуде. Сондықтан Басқұдықта тұратын 864 бала аудан орталығындағы мектепке қатынап оқиды.

«Салынып жатқан 2 мектептің құрылысы аяқталса, ең алдымен ішкі тасымал мәселесін шешеміз. Мектеп құрылысы ауылымыздың ең шеткі нүктелері саналатын «Алау», «Жаңақоныс» тұрғын үй массивтерінің аумағында жүріп жатыр. «Алау» тұрғын үй массивіндегі 1200 орындық мектептің сыртқы қоршау жұмысы толық аяқталды. Құрылысқа берілген жалпы жер көлемі 7 гектар, ал мектеп 7600 шаршы метрді құрайды. Қазір мердігер мекеме мектептің іргетасын құю үшін негізін дайындап жатыр», - деді Саламат Ильджанов.

Ауыл әкімінің мәлімдеуінше, 2 мектептің құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Жоспар бойынша құрылыс екі жылдың ішінде аяқталуы тиіс.


Соңғы жаңалықтар