Маңғыстауда жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика салынып жатыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика салынуда. Қазір 80 пайызы аяқталып тұр. Құрылыс аяқталса, облыс тұрғындарын 50% құс еті өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба құны 3 миллиард теңгені құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құс фабрикасының құрылысы 2017 жылы басталған. Кәсіпорын 4 алаңнан тұрады: инкубаторлық цех, құс ғимараты, құс бордақылау орны, жем зауыты. Бүгінде құрылыстың 20%-ы қалып тұр. Қажетті барлық жабдықтар да дайын. Кәсіпкер өз бастамасын жалғастыруға «ҚазАгро» Холдингінің «Аграрлық несие коорпорациясы» АҚ-нан несие алған. Сондай-ақ, құс фабрикасының аумағында қойма, гараж, әкімшілік ғимарат және бақылау-өткізу пункті тұрғызылды. Қазіргі уақытта инженерлік коммуникациялар мен кірме жолдар салынуда.

«Құс фабрикамыздың жалпы құны 3 млрд теңгені құрап отыр. Оның 30 пайызы өз қаржымыз. Қалған 70 пайызы «Аграрлық несие корпорациясынан» несие алып, қазіргі таңда қарқынды құрылыс жұмыстарын жүріп жатыр. Біздің облысымызда теңдесі жоқ жоба. Барлық құс ет өнімдері сырттан келіп жатыр. Біз алдымен, инкубаторда жұмыртқадан балапан шығарып, құс ғимаратында тауыққа дейін өсіріп, сойылғаннан кейін, дайын өнімді сатуға шығарамыз. Тауыққа арналған жемді өзіміз шығарамыз»,-дейді «Ақтау агро» ЖШС директоры Данияр Тұрғынов.

50 гектар аумақта жалпы ауданы 17 мың шаршы метрді құрайтын 16 ғимарат тұрғызылған. Балапан өсірілетін ғимаратта 31800 тауық бағылады. Мұнда балапан күйінде әкелініп, тауық болғанша өсіріледі. Ал, бордақылау орны 4 гектар жерде жалпы алаңы 556 шаршы метр аумақта орналасқан. Мұнда тауық әкелініп, тікелей сатылымға жіберіледі.

Фабриканы 2020 жылдың 2-тоқсанында ашу жоспарланып отыр. Монтаж жұмыстары келесі жылы бітеді. Данияр Тұрғыновтың айтуынша, ашылған кезде 120 адамды жұмыспен қамту көзделеді. Халыққа мұздатылмаған құс еті жеткізіледі.

Азықтандыру зауыты Мұнайлы ауданында орналасқан. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша құрылыстың құны 300 000 мың теңгені құрайды. Азықтандыру зауытының құрылысы бастапқы кезеңде қаланды. «АКК» АҚ несиелік қаражаты есебінен зауытқа арналған жабдық сағатына 10 тонна түйіршіктелген жем немесе 20 тонна қиыршық жем шығаруды жоспарлады. Жем тек өз қажеттіліктері үшін ғана емес, сонымен бірге Маңғыстау облысының тұрғындарына сатылады.

Теңдессіз жоба облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосады. Бұған «Аграрлық несие коорпорациясының» да рөлі зор.

«Жалпы, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі стратегиясы аясында «Арграрлық несие корпорациясы» «Актау Агро» проектісін қаржыландырып келеді. 1 млрд.тан астам қаражат бөлінеді. Жабдықтар Иран, Қытай, Түркиядан келді. Бұл жоба іске асқаннан кейін ішкі нарықты құс етімен 50 пайызға дейін қамтиды деп есептеп отырмыз. 2018 жылы құрылған корпорация облысқа осы уақытқа дейін 4 млрд.теңге қаражат құйды. Осы уақытқа дейін 50 жоба іске асты. Оның ішінде мал шаруашылығы, егін шаруашылығы бар. 5 ірі инвестжоба бар. Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылындағы испан технологиясымен суарылатын жылыжайды және құс фабрикасын атап айтуға болады. «Аграрлық несие корпорациясынан» өңірге бөлінген сома 2 млрд.ты құрайды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы азаматтар тағы несие ала алады», - дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ МО филиалының директоры Ерболат Оңғарбек.

Аграрлық несие коорпорациясы қаржыландырған тағы бір жоба – «Сарман» шаруашылығы. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 5 пайызбен 7 жылға несие алған шаруа Жалғасбек Сарман иесі бүгінде түйе мен жылқы бағып отыр.

«2005 жылы Түпқараған ауданы әкімімен жерді жалға алдық. Ең алғашында жылқы алдық. 2012 жылы түйені қостық. Бұйырса түйені 18-ден 88-ге арттырып, шаруамды кеңейтсем деген мақсатым бар. Болашақта шұбат, балқаймақ, құрт шығарып, қалаға тасымалдап, дүкендерге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда қысқа шыдамды, жүнді, етті нармая тұқымы өсіріліп жатыр», - дейді Жалғасбек Сарман.

Шаруашылық бүгінде шұбатты Ақшұқыр ауылындағы дүкендерге тапсырады. Күніне 20-30 литр аралығында жеткізіп отырады. 2020 жылы жылқы санын да арттырып, етін сатып, саумалын да шығаруды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар