Маңғыстауда жыл басынан бері екінші үшем дүниеге келді

None
Фото: lada.kz
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығында Айым, Гүлім және Нұрым есімді үшем дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енем – егіздің сыңары. Дегенмен, бізде үшем болады деп ойламаған едік. Өзіміз де таң қалдық. Табиғи жолмен, жасанды емес. Үшемдерге дейін үш баламыз бар. Дәрігерлердің кеңесімен кесарь тілігі арқылы босануды жоспарлап, ота сәтті өтті. Перзентхана қызметкерлеріне көп рахмет айтамын», - деді Амангүл Тасибекова.

Бұл – Ақтаудағы «Ана мен бала» орталығында жыл басынан бері дүниеге келген екінші үшем. Бұған дейін 27 сәуір күні алғашқы үшем туған еді. Ол кезде де 2 қыз бен 1 ұл дүниеге келген, бұл жолы да солай.

«Өмірге келген бір ұл мен екі қыздың салмағы: 2 кг 286 г, 2 кг 280 г және 1 кг 880 г болды. Сәбилерге де, анасына да қажетті күтім жасалды. Бөбектер дені сау, еліміздің қалаулы азаматтары болып өссін», - дейді орталық директоры Жапырақ Епенова.

Жалпы, биыл облыстық перзентханада 4 319 нәресте өмірге келген. Оның 85-і егіз болса, екеуі – үшем.


Соңғы жаңалықтар