Маңғыстауда жыл басынан бері 49 адам тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған

Фото:
АҚТАУ.ҚазАқпарат – Маңғыстауда жыл басынан бері 49 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Олардың 11-і әйел болса, 38-і – бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға психологиялық көмек көрсететін бір ғана дағдарыс орталығы жұмыс істейді.

«Біздің орталыққа тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары түседі. Көбінесе 30 бен 45 жас аралығындағы көпбалалы аналар. Біз оларға психологиялық және құқықтық көмек көрсетеміз. Орталықта мұндай әйелдер алты айға дейін тұра алады. Тамағы мен қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етеміз. Сондай аналарға жұмыс табуға көмектесеміз, балаларды балабақшаға орналастырамыз. Сондай-ақ орталық мамандары күйзеліске ұшыраған, тұрмыста зорлық көрген балалармен де жұмыс істейді», деді дағдарыс орталығының психологы Дина Жұмабаева.

Психологтың айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болатындар - көбіне күйеуіне материалдық және эмоционалдық тұрғыдан тәуелді әйелдер. Олар туған-туыстың алдында беделі түсіп, бала-шағасын асырай алмай қаламын ба, деген қорқыныштан өздерін құрбан етеді.

«5-6 жылдан бері жолдасым жұмыс істемейді. Балаларымның көзінше ұрып-соғады, балағаттайды. Төзімім таусылды. Балаларым үшін шыдадым. Жолдасымның тағы бір ұрып-соғуы кезінде полицейлерді шақырғанбыз. Сонымен олар бізді осында алып келді. Әйелдерге ешқашан өз құқықтарыңды аяққа таптамаңдар дегім келеді. Әйелдер де бақытты болғысы келеді» деді ақтаулық келіншек Лиза.


Соңғы жаңалықтар