Маңғыстауда жұмыссыздық мәселесін шешу үшін 21 инвестжоба іске қосылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған Өңірді дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында бірқатар маңызды жобалардың іске асырылатынын атап өтті, бұл жаңа өнімдер шығаруға, жұмыс орындарын құрып, облыс тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Облыс басшылығының алдында тұрған маңызды міндет ретінде Үкімет басшысы азық-түлік бағасының өсуін тежеу мәселесін атады.

«Облыста жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 16%-ға өсті. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қолда бар құралдарды толығымен әрі тиімді қолдану маңызды», — деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов облыс әкімдігі сауда үстемесіне бақылауды күшейтуі қажет екенін айтты.

Үкімет басшысы өңірдегі өзекті мәселе – жұмыссыздық, оны шешудің негізгі жолы инвестиция тарту екенін айтты. Биыл мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 21 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр Маңғыстау облысының елді мекендерін газдандыру және сумен жабдықтау мәселелеріне қатысты бірқатар басқа да тапсырмаларды атап өтті.

Үкімет басшысы фермерлерді мал азығының қажетті көлемімен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен және облыс әкімдігімен бірлесіп, жеңілдіктерді ұзарту мен жем-шөпті өңірлерге жеткізу бойынша түбегейлі шаралар қабылдауы қажет.


Соңғы жаңалықтар