09:10, 25 Қыркүйек 2022 | GMT +6
Маңғыстауда жол бойында қараусыз жүрген 220-ға жуық мал қамалды
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар Ақтау-Шетпе тас жолының бойында жүрген 220-ға жуық иесіз мал жануарларға арналған орынға қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Төрт түлік автомобиль жолының жүру бөлігінен өткен. Полиция қызметкерлері оларды арнайы жануарларға арналған орынға қамады», - деп мәлім етті Маңғыстау облыстық полиция департаментінен.
Жол апаттарының алдын алу мақсатында мұндай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрмақ.
Еске салсақ, 22 қыркүйек күні Ақтау-Жаңаөзен тасжолының бойында түйеге соғылған көліктегі жолаушы көз жұмды. Ал, 16 қыркүйекте «Ваз 21154» автокөлігінің жүргізушісі Ақтау қаласынан Шетпе ауылына баратын жолда екі түйені қаққан . Тас жолдағы оқиғадан екі жолаушы көз жұмып, бес адам ауруханаға жеткізілген еді.
Жалпы, облыста кейінгі 10 күнде жануарларға көліктің соғылуымен 3 ірі жол-көлік оқиғасы болып, 6 адам қаза тапты.