Маңғыстауда жол апатынан зардап шеккен әйел жедел жәрдемді екі сағат күтіп көз жұмды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда жол апатына түскен әйел жедел жәрдем көлігі күтіп қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, дәрігерлер апат болған жерге екі сағаттан кейін келген.

Жол апаты бүгін түнде Сайөтес ауылынан 20 шақырым жерде болған. Көлік жылқыға соғылған.

«Біз сол жерден өтіп бара жатқанда жол апатын көрдік. Көлікті 45 жастағы ер адам жүргізген. Жолаушы отыратын орында әйелі болған. Апат кезінде алдыңғы әйнек әйелге құлаған. Мен жедел жәрдем шақыра бастадым. Диспетчер оқиға орнына көлік жіберілгенін айтты. Бірақ, біз оны екі сағаттан артық күттік. Мен диспетчерге әйелді өзім ауруханаға апаруды ұсындым. Бірақ, бізге әйелді орнынан қозғамау керектігін айтты. Нәтижесінде зардап шеккен әйел дәрігерлер жеткенше, оқиға орнында қайтыс болды. Оның күйеуіне де көмек керек еді. Мұрны сынған, омыртқасына зақым келген. Мен көп күтпей полицияға қоңырау шалдым. Олар тез келіп, ер адамды өздерімен бірге алып кетті. Неліктен дәрігерлер апаттың болғанын біле тұра тез келмегені мені таң қалдырады. Олар ертерек келгенде адамның өмірін сақтап қалатын ба еді? Олар Атыраудан келе жатқан ерлі-зайыпты екен» , - деді куәгер.


Осы оқиғаға қатысты облыстың Денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді.

Жедел көлігін шақырту туралы қоңырау Маңғыстау аудандық орталық ауруханасына түскен. Жол-көлік оқиғасы аудан орталығы Шетпе кентінен 80 шақырым жерде орналасқан Ман ата тауына жақын жерде болған. Дәрігерлер келгенге дейін әйел адам көз жұмды. Өйткені, ол қатты соққы алған. Ер адам ауыр халде алдымен аудандық ауруханаға жеткізілді, содан кейін оны Маңғыстау облыстық ауруханасына ауыстырылды», - деп түсіндірді Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

Сондай-ақ, басқармадағылар жедел жәрдемнің ұзақ келуін ақ халаттылардың дәл сол уақытта тағы бір жол-көлік апатынан зардап шеккен жастарға көмек көрсетіп жатқандығымен түсіндірді.


Авторы Қаракөз Марат


Соңғы жаңалықтар