Маңғыстауда жерден 100-200 метр төмендеген Жығылған деген орын бар

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда туристерге арналған «Үстірт құпиясы» жол нұсқағыштың тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақпараттық буклет Маңғыстау түбегіне жасалған ірі экспедицияның жұмысының нәтижесінде жасалды.

247 адам 69 жол толғамайтын көлікпен 1200 астам шақырым жерді жүріп өтіп, құпияға толы Маңғыстау түбегін аралап шыққан.

«Маңғыстау түбегі құпияға толы жер. Мұнда  11 мыңнан  астам тарихи табиғи керемет ескерткіштер бар. Олардың кейбірін жергілікті тұрғындар көрмеген. Олардың бірі Жығылған деген жер. Ол жерден 100-200 метрдей төмендеп кеткен. Осы жерлердің бәріне туристерге жол салдық», - деді Nomad Explorer командасының жетекшісі Марғұлан Сейсенбаев.

Оның айтуынша, 34 адам қауіпсіздік, әкімшілік бойынша көмекші болса, қалған 220 адам турист ретінде қатысты.

Осы сапардың нәтижесінде «Үстірт құпиясы» жол нұсқағышы таныстырылды.

Бұл кітап Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қорының қолдауымен басылды. Жол нұсқағыш 1200 таралыммен наурыз айында Алматы мен Ақтауда сатылымға шығады.

«Өткен көктемде Маңғыстау түбегіне жасалған экспедиция бойынша жол нұсқағышты жасау туралы ұсыныс түсті. Шахмардан Есенов сол Маңғыстау түбегінде пайдалы кен қазбаларын ашқан болатын. Сондықтан, бұл ұсынысты қабыл алдық. Бұл ақпараттық кітапша қазақстандықтарды қасиетті жерлерге жиі саяхаттауға септігін тигізеді деп үміттенеміз», - деді аталған қордың өкілі Айғаным Малишева.

Ақпараттық кітапшада туристердің тоқтайтын координаттары, автотұрақ орындары, жақын маңдағы нысандар туралы мәліметтер бар.

Айта кету керек, Nomad Explorer биыл Алтай тауына экспедицияға шықпақ. Сонымен қатар, биыл Дискавери жобасы аясында Моңғолия жеріне саяхат белгіленген. 

Соңғы жаңалықтар