Маңғыстауда жазғы демалыс кезінде 252 сауықтыру лагері жұмыс істейді

Фото:
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін 252 сауықтыру орны ашылады деп жоспарланып отыр. Әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары бірінші кезекте қамтылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова хабарлады.

Спикердің айтуынша, облыс бойынша 143 мектепте білім алатын 155127 оқушының 91,2% жазғы сауықтырумен қамту жоспарланып отыр.

- Облыс бойынша жазғы каникул кезінде балалардың жазғы демалысы 2 бағытта ұйымдастырылады. Олар - жазғы сауықтыру (7-13 жас) және балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, яғни еңбекпен, танымдық шығармашылық, спорттық, туристік шаралармен қамту жұмыстары (7-18 жас). Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін 252 сауықтыру орны жұмыс жасайды деп жоспарланған. Оның ішінде қала сыртында 4 лагерь, мектеп жанынан тамақтандыратын 86 лагерь, мектеп жанындағы 85 кәсіптік және 77 шатырлы лагерь бар. Жалпы жазғы сауықтыруға әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары бірінші кезекте тартылады (27 629 бала). Жазғы мезгілде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Бала қорғау» телеграм-чаты және 111, 607515 сенім телефондары тәулік бойы жұмыс істейді, - деді Айжақсы Тұржанова.

Сонымен қатар, 2017 жылдан басталған «Жас сарбаз» әскери-патриоттық бағыттағы лагерьде 8-10 сыныптың 300-ге жуық оқушысы демалып, кәсіби бағдар алады.

Жазғы демалыстың екінші бағыты бойынша 121886 (78,5%) оқушы жазғы демалыс кезінде еңбек, танымдық шығармашылық, спорттық, туристік шаралармен қамтылады.

Бұл ретте «Жасыл ел» бағдарламасы, аула клубтары, туристік-өлкетану бағытындағы жорықтар, тілдік мектептер, дебаттық және әскери-патриоттық клубтар жұмыс жасайды.

Ал, қала сыртында 3 лагерь бар. Олар - «Балдәурен», «Фламинго» және «Алау».

Соңғы жаңалықтар