Маңғыстауда жалғыз әйел әкім 50 жылдық тарихы бар ауылды басқарады

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының бес ауданында 57 ауылдық округ бар. Соның ішінде тек Маңғыстау ауданында орналасқан Шебір ауылдық округін әйел әкім басқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

57 ауыл әкімінің бірі - Лаура Рыспаева. Ол 3 жыл бойы өз жұмысын қалтқысыз атқарып келеді.

Өзі басшылық ететін Шебір ауылының тумасы. Жоғары оқу орнын бітірген соң, туған ауылына оралған. Еңбек жолын алдымен Тұщықұдық село әкімі аппаратында, одан соң Шебір ауылы әкімінің аппаратында қарапайым маман ретінде бастап, қызмет сатысымен өрлеген. Уақыт өте Лаура Шебір ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы болып, ал 2020 жылдың сәуір айында Шебір ауылдық округі әкімі қызметіне тағайындалған.

«Мемлекеттік қызмет әйел адам үшін ауыртпалығы мол сала деуге болады. Десек те жауапкершілігі зор лауазымды атқарып отырған соң өзіме артылған сенімді ақтауға тырысамын. Сондықтан да, ауыл мен елдің жайын бақылауда ұстап, тұрғындармен жиі кездесемін. Өзім осы жерде туып, өскеннен кейін ауыл азаматтарымен бірлесіп, кеңесіп, қызмет етіп жатырмын», - дейді Лаура Рыспаева.

Тұрғындардың айтуынша, Лаура әкім болған үш жылға жуық уақыт ішінде бірқатар мәселе оң шешімін тапқан. Мектеп, балабақша және амбулатория жөндеуден өткен. Осы жылдың соңында мәдениет үйін жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр. Сондай-ақ ауылішілік жолдарға 3,8 шақырым асфальт төселген. Биыл тағы 1,8 шақырым жол төсеу жоспарланған. Ауылдық округ тұрғындарында сапалы 3G және 4G интернет бар.

Лаура Рыспаева басқаратын Шебір ауылына биыл 50 жыл толады. Аудан орталығы-Шетпе ауылынан солтүстікке қарай 73 шақырым жерде, Қызылқұм құмды алқабынан шығысқа қарай шөлді белдеуде орналасқан ауылда бүгінде 1352 адам тұрады. Мұнда ауылдан шыққан жастар «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша, туған өлкесіне қайта оралып, жұмыс істейді.

Биыл ауыл әкімі Лаура Рыспаева жалпы абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, округ ауылдарындағы жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстарын жалғастыруды көздеп отыр. Жалғызілікті қарттарға, мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға және басқаларға көмек көрсету бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар