Маңғыстауда заңсыз берілген жер телімдері қайтарыла ма

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - 2015-2017 жылдары Түпқараған ауданында 202, Маңғыстауда 38, Жаңаөзенде 42, Мұнайлы ауданында 12 жер телімі заңсыз берілген. Енді бұл жерлер біртіндеп қайтарылып жатыр. Дегенмен, шаруашылық мақсатта жер алған кәсіпкерлер бұл шешімге қарсы болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасына жергілікті атқарушы орган мамандарының жіберген қателіктері кесірінен берілген жерге қатысты дауға байланысты арыздар толастар емес.

Қателік деп отырғанымыз: Әкімдіктің жауапты қызметкерлері жерге аукцион мен конкурс жариялағаны туралы мәліметті жергілікті БАҚ-қа ғана басып, ал интернет ресурстарына шығаруды ескермеген. Осылайша заң талаптары бұзылғаны анықталды. Конкурс аяқталғаннан соң жер кәсіпкерлерге бөлініп берілді. Қазір оның басым көпшілігіне ғимараттар салынып, мал шаруашылығы қолға алынған. Іскерлер бірнеше адамды жұмыспен қамтып, мемлекетке тиісті салығын төлеп отыр.

Соңғы сот отырыстарының шешімімен Маңғыстау ауданының 38 жер телімінің 25-і кәсіпкерлер пайдасына шешілді. Қалғаны әлі тек сот қарауында. Кейбірінің жер учаскесін кері қайтып алу туралы шешім шыққан. Мұндай шараларға кәсіпкерлер алаңдаулы. Қазірдің өзінде облыс бойынша 300-ге жуық жер учаскесінің тағдыры сот құзыретінде.

«41 жыл өндірісте жұмыс істеп, өткен жылы мал шаруашылығына ауыстым. 2017 жылы конкурсқа қатысып, 300 гектар жерімді алдым. Барлық құжатын рәсімдедім. Малдарымды сатып алып, шаруашылық жүргізіп отырмын. Осы дау шыққан соң құрылыс жағын тоқтатып отырмын. Бұл жағдайда халықтың кінәсі жоқ. Соңғы 2 айда әбден әбігерге түстік. Тез арада оң шешімін тапса дейміз. Әкімдік пен қателік жіберген қызметкерлерді сотқа тарту керек. Біздің тарапымыздан құжаттардан ешқандай кінәрат жоқ. Бізді неге сотқа сүйрейді? Халықтың жағдайын ойлап, ендігі істерді сотқа жеткізбей шешіп, кәсібімізді дамытуға мүмкіндік берсеңіздер. Біздің тілегіміз де, ұсынысымыз да осы. Медиация жолымен шешіп берсеңіздер деймін», - дейді Мұнайлы ауданының тұрғыны Мәди Қожантай.

МО прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Файзулла Жаңабаевтың айтуынша, 2017 жылы прокуратура органдарының тексерісі азайған уақытта, заңбұзушылықтар көбейіп кеткен.

«2018 жылы Елбасының тапсырмасы бойынша прокурорлар жер қатынастарындағы қадағалауды күшейткен болатын. Әсіресе, Түпқараған ауданында жер телімдері аукционсыз жаппай берілген. Қазір тергеу жүріп, істер сотта қаралуда. Қылмыстық істер де қозғалды. Кәсіпкерлердің барлық жағдайын пышақпен кескендей айта алмаймын. Әрқайсысын жеке қарау қажет. Аудан прокурорларының айтуынша, көп жағдайда игерілмеген жерлер ғана көрсетілген. Тергеу көрсеткендей, кейбір конкурс бір күн бұрын ғана жарияланып, келесі күні берілген. Яғни, белгілі бір адамның мүддесі үшін жасалған. Мұның астарында сыбайлас жемқорлықпен байланысты шаралар болуы мүмкін деп санаймыз. Қарапайым халық хабарламаны көріп үлгермейді ғой. Заң бойынша бір ай бұрын өткізілуі тиіс. Қазір Түпқараған мен Мұнайлы аудандары бойынша қылмыстық істер басталды. Бұдан әрі әр жағдай бойынша қарастыра бастаймыз», - деді ол.

Ал, МО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әмірғали Жанаев «Атамекен» ҚР ҰКП және ҚР кәсіпкерлер құқығын қорғайтын Президент уәкілі атынан Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың атына хат жолданды. Онда осы мәселе толық түсіндірілген».

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арнайы хат дайындап, облыс әкіміне, облыс прокуроры, облыстық сот төрағасы мен облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшыларына ұсыныс жіберген. Хатта Батыс Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйеніп, мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс тобын құрып,әрбір учаскеге шығып, жерді үш топқа бөлу керек делінген. Олар: толық меңгерілген жерлер, құрылысы жүргізіліп жатқан аумақтар мен бос жатқан учаскелер. 1 мен 2 санатты жерлерді сотқа жібермей, кәсіппен айналысуына, тек 3 санатты жерлерді сотқа жіберу туралы ұсыныс берілді.

Соңғы жаңалықтар