Маңғыстауда вакцина егетін арнайы 10 бөлме дайындалды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында вакцинацияны жүзеге асыратын 10 егу бөлмесі дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірдің қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Оның ішінде 2 – Ақтау қаласында, 3 – Жаңаөзенде, 1 – Қарақия ауданында, 1 – Түпқараған ауданында, 1 – Бейнеу ауданында, 1 – Маңғыстау ауданында және тағы біреуі Мұнайлы ауданында орналасқан.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаеваның айтуынша, өңірлік денсаулық сақтау басқармасы бірқатар дайындық жұмысын жүргізілуде.

Атап айтсақ, вакцинация маршруты жасақталды. Вакцинаны сақтайтын арнайы мұздатқыштар, термоконтейнерлер мен хладоэлементтер дайындалды. Бұдан бөлек қосымша мұздатқыштар сатып алу жоспарда бар. Емханаларда егу кабинеттері дайын. Барлық медицина қызметкері оқудан өтіп жатыр. Егуге белгіленген адамдар тізімі белгіленді.

Жалпы Денсаулық сақтау министрлігінің жоспары бойынша Қазақстанда жылдың аяғына дейін 6 миллионға жуық адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алу қажет. Егілгендерге арнайы электронды паспорт толтырылады. Әзірге «Спутник V» ресей вакцинасы қолданылады. Ал әрі қарай «Каз Ковид» еліміздің вакцинасы алынады. «Каз Ковид» 2 тексеріс фазасынан өтіп, оның адам денсаулығына қауіпсіз екендігі дәлелденді. Енді клиникалық тексерістің 3-кезеңі шамамен 2021 жылдың маусым айында аяқталады.

«Айта кетейік, вакцинация – барлық инфекциялық аурулардың алдын-алатын бірден-бір тәсіл. Вакцинация нәтижесінде барлық аурушаңдық пен өлім-жетім азаяды. Өйткені, адам баласы дүниеге келгелі тек коронавирусқа қарсы емес басқа да вакцина ала бастайды», - деді Жамал Жаманбаева.

Спикердің айтуынша, қазіргі таңда эпидемиологиялық ахуал нашарлап келе жатыр. Маңғыстау облысы жасыл аймақта болса да, коронавирус індетін жұқтырғандардың саны күннен-күнге өсуде. Мәселен, инфекциялық стационарларда 112 адам коронавирустық пневмониямен ем алып жатса, 41 науқастың коронавирус инфекциясына тапсырылған тест сынамасы оң нәтиже көрсетті. 112 науқастың ішінде 20 бала бар, оның екеуінің тест қорытындысы оң. Сондай-ақ, науқастардың арасында 7 жүкті әйел бар. Оның 5 коронавирус инфекциясына шалдыққан. Жалпы емханаларда 135 адам симптомсыз және жеңіл симптомдармен тіркеліп, протокол бойынша ем қабылдап жүр.

«Ғалымдардың болжамы бойынша, қазір коронавирустық инфекциясының 2-толқыны басталды. Оның ең жоғарғы сатысы ақпан-наурыз айларына сәйкес келіп отыр. Сол себепті сақтық шараларын қатаң ұстанып, өзімізге де, жақындарымызға да қамқор болайық», - деді Жамал Жаманбаева.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 1 ақпаннан бастап егілетіндігі хабарланды.

Сонымен қатар 18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдарға вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәлімет жоқ, сондықтан бұл жастағыларға екпе салынбайды. Ал Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге вакцинация мәселесінде дүрбелеңге жол бермеуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар