Маңғыстауда үздік ұстаздар марапатталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында Ұстаздар күніне орай салтанатты жиын өтіп, онда облыс әкімі үздік педагогтарға 500 мың теңге қаржылай сыйақы табыстады,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған шарада «Білім үздігі-2018» байқауының нәтижесі жарияланып, өз кәсібінің шебері деп танылған педагогтар мен үздік мектеп ұжымына облыс әкімінің сыйақысы табысталды.

Осыған дейін конкурсқа қатысу үшін 150 педагог және 20 білім беру ұйымы құжаттарын ұсынған.

Жалпы, 18 номинация: «Үздік жыл педагогы», «Үздік технологияларды қолданушы», «Үздік шығармашыл мұғалім», «Үздік жетістіктер шебері», «Үздік дарынды балалар жетекшісі», «Үздік педагогикалық жаңа идеялар», «Үздік әдістемені ұсынушы», «Үздік арнайы білім беру шебері», «Үздік ұлттық дәстүрді насихаттаушы», «Үздік полиглот мұғалім», «Үздік қосымша білім беру шебері», «Үздік мектепке дейінгі ұйым», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік қала мектебі», «Үздік қосымша білім беру ұйымы», «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы», «Үздік өндірістік оқыту шебері», «Үздік арнайы пән оқытушысы» атақтарында үздіктер анықталды. Оның ішінде 12 аталымға 500 мың теңге, «Жыл мұғалімі» номинациясына және 5 білім ұйымына 1 миллион теңге сыйақы табысталды.

Биылғы жылдың үздік ұстазы жаңаөзендік Раметулла Злиха атанды. Ол Жаңаөзен қаласы мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. «Мұнай - газ саласы мамандықтарына арналған мәтіндер» жинағының, «Кәсіби ағылшын тілін оқып үйренуге арналған» әдістемелік практикалық құралдарын жазған.

Ал, ақтық сынға дейін жеткен Тілектес Серікбайқызына өңір басшысы тосынсый ретінде қосымша 500 мың теңге сыйақы тағайындады.

Облыс әкімі Маңғыстау халқының бірнеше ұрпағын тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін білім қызметкерлері мен ардагерлеріне алғысын білдірді.

Ералы Тоғжанов Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Жолдауын жариялағанын атап өтті.

«Мемлеект басшысының «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау жөнінде тапсырмасын барша ұстаздар қауымы зор ықыласпен қабылдады. Бұл - педагогтарға деген ерекше қамқорлық пен қолдау деп білеміз. Білім саласына, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға ерекше көңіл бөлу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Үш ауысымды және апатты мектептерді жою, оқушы орнының тапшылығын азайту жөнінде айтылды», - деді өңір басшысы.

Биыл облыстық білім саласында ауқымды шаралар атқарылды. Бір жылдың өзінде облыста 9 мектеп іске қосылып, халықтың игілігіне берілді. Ақтау қаласындағы №29 жаңа білім ордасы смарт-мектеп болып ашылды. Онда STEM-лаборатория, смарт-жылыжай, галографикалық ақпараттандыру бұрыштары, чип арқылы оқушылардың мектепке келіп-кетуін қадағалау жобалары енгізіліп, облыс мектептерінде 17 ІТ сыныбы, 25 жылыжай ашылды. Жаңа оқу жылынан бастап жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беретін педагогтардың 75 пайызы біліктілігін арттыруға, облыс мұғалімдерінің 80 пайызының жалақыларына үстемақы қосылды.

Сондай-ақ, шара барысында өңір басшысы 2 мұғалімді «Ыбырай Алтынсарин», 5 мұғалімді «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапаттады, тағы 7 ұстаз облыс әкімінің алғыс хаттарын алды.

Соңғы жаңалықтар