Маңғыстауда ұсталған ұйымдасқан қылмыстық топтан көптеген қару-жарақ тәркіленді - ҰҚК

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында арнайы операция кезінде ұсталған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінен көптеген қару-жарақ тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірнеше ай көлемінде ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, Маңғыстау облысының криминогендік ахуалына елеулі әсері бар ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты жедел тексеру іс-шараларын жүзеге асырды.

Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде ұйымдасқан топ мүшелерінің ауыр және аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде адам өлтіруге оқталу, адам ұрлау, қарақшылық шабуыл жасау және басқа да фактілерге қатыстылықтары анықталып, құжатталды», делінген хабарламада.

29 шілдеде ҚР ҰҚК мен ҚР ІІМ ауқымды арнайы іс-шараны өткізіп, Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында бір мезгілде төрт түрлі топтан 17 адам ұстады.

«Олардың мекен-жайлары бойынша жүргізілген тінту жұмыстары барысында 3 дана тапанша мен 1 дана дыбыссөндіргіш, 8 дана кесілген аңшы қаруы, 1 дана «Сайга» карабині, 1 дана ұсақ калибрлі винтовка, 5 дана травматикалық тапанша, 218 дана оқ-дәрі, түрлі суық қарулар (пышақтар, кастеттер және т.б.) табылып, айғақ зат ретінде тәркіленді», делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР ҰҚК мен ҚР ІІМ қызметкерлерінен құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

Еске сала кетсек, ҚР Бас прокуратурасы 29 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып Маңғыстау облысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің заңға қарсы әрекеттерінің жолын кесу бойынша ауқымды арнайы операция бастағанын мәлім еткен еді.

Соңғы жаңалықтар