Маңғыстауда тыйым салынған жерде суға түскендерге айыппұл салынбақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Енді тыйым салынған аймақта суға түскен адамдарға айыппұл салынады. Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар басқармасы мен әкімдік осындай шараны қолға алмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Себебі Маңғыстауда шомылу  маусымы басталғалы 5 адам теңізге батып кеткен. Оның 3-еуі тыйым салынған аймаққа суға түскендіктен қаза тапқан. Сондықтан, осы шара қолға алынып отыр.  Бұл туралы қалалық әкімдік алаңында болған баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Жалпы, құтқарушылар жыл басынан бері 11 адамды аман алып қалған. Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары тұрғындар мен туристердің көпшілігі қауіпсіз жерлерге шомылмайтынын айтады.  Оларға айтылған ескертулер да еленбей қалып жатады. 

«Айыппұл сомасы әр түрлі. 14 мың теңгеден 40 мың теңге аралығында салынады. Жеке және заңды тұлға болуына байланысты. Себебі, тұрғындарға айтып түсіндіре алмайсың. Тіпті, суға кетіп қалған адамның денесін іздеп жүрген кезде, бұл жерге шомылуға болмайтынын айтсақ, елемейді. Тыңдамайды. Қалай түсіндірерімізді білмейміз. Сондықтан айыппұл салу - ең тиімді шешім деп таптық. Адам өмірі ойыншық емес қой», - дейді МО ТЖБ жедел құтқару жасағының басшысы Владимир  Арзютов.

Құтқарушылар тұрғындарды суға түсу кезінде абай болып, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.  Қазір қала бойынша 1 жедел құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Онда 36 маман қызмет етеді. 15 жүзу құралы, 10 техника: сүңгуір және  құтқару қондырғылары бар. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін еріктілер де тартылған.  

Соңғы жаңалықтар