Маңғыстауда түйеге соғылған көліктегі жолаушы көз жұмды

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтау-Жаңаөзен тасжолының бойында түйеге соғылған көліктегі жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 22 қыркүйек сағат 21:50 шамасында Ақтау-Жаңаөзен трассасының 26/760 шақырымында болған.

«GEELY SC7 маркалы автокөліктің жүргізушісі жол бойындағы түйені қағып кеткен. Салдарынан 57 жастағы жолаушы көз жұмды. Бір жолаушы облыстық ауруханаға жеткізілді» деді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша тіркеліп, тергеу басталған.

Бір апта бұрын Жетібай-Ақтау тас жолының бойында көлік түйелерге соғылып, екі жолаушының мерт болғанын жазған едік.

Жалпы Маңғыстауда көліктің жол бойында малмен соғысуы жиілеп кеткен. Соған байланысты жаңаөзендік полицейлер түйе мен жылқыға жарық шағылыстырғыш жолақ жапсыруды ұсынып келеді.

«Жолақтар қымбат емес. Жолақты малдың мойнына немесе аяғына байлап қою керек. Түнгі уақытта жарық шағылыстырғыш жолақ көлік жүргізушісіне 300-350 метр қашықтықтан анық көрініп, көлік апатын болдырмауға септігін тигізеді. Малы бар жергілікті жұрт бұл өзгеріске оң қабақ танытып отыр. Себебі түнгі уақытта малдың қай тұста жайылып жүргенін біліп отыру оларға да қажет», - деді Жаңаөзен қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ғалымжан Мақсұтұлы.




Соңғы жаңалықтар