Маңғыстауда түйе қырылып жатыр деген хабар жалған болып шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұқаралық ақпарат құралдары таратқан Маңғыстаудың Жармыш ауылында түйелер қырылып жатқаны туралы ақпарат жалған болып шықты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шамғали Хамиевке сілтемемен хабарлайды.

Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері Маңғыстау ауданында Ойсылқара түлігінің әртүрлі індетке шалдыққаны туралы тек 10 дерек тіркелген. Олардың екеуінен ғана құтыру дертінің қоздырғыш белгілері анықталыпты. Қазір осы жағдайға байланысты басқарма мамандары Жармыш ауылында тексеру жұмыстарын жүргізуде.

«Жармыш округінде 40 түйе өлді деген сыбыс шыққан. Ол жерде ондай мәлімет ресми тіркелген жоқ. Жалғыз Жармыш емес, аудандағы бүкіл ауылдар бойынша екі айдың ішінде 10 түйенің ғана материалы тапсырылған. Содан екі түйеден құтырудың қоздырғышы анықталды. Құтыру ауруы қорытындысы берілген екі шаруашылыққа шектеу шаралары енгізілді. Құтыру - карантин жарияланатын аурудың түріне кірмейді, тек шектеу шаралары енгізіледі», - дейді Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шамғали Хамиев.

                                                                                                                                                                Сағира Күзембаева 

Соңғы жаңалықтар