Маңғыстауда түрлі этностардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығы артып келеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ҚР Тұңғыш Президенті күні және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өткен шарада Нұрлан Ноғаев маңғыстаулықтарға жылы лебізін білдіріп, аталған мерекенің маңыздылығын атап өтті.

Жиынға қатысушылар облыстық ассамблея жанындағы аналар кеңесі мен ардагерлер кеңесінің жұмыстары жайында баяндады. Бұдан бөлек, жастар және студенттік ұйымдардың атқарған жұмысы туралы айтылды.

Бүгінде өңірдегі түрлі этностардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығы артып келеді. Жуырда ашылған «Мәміле» тіл үйренушілер клубына аз уақыт ішінде 100-ден аса Ассамблея мүшесі жазылған.

«Мемлекеттік тілді жетік білмей алға жылжу мүмкін емес екендігін түсініп, қазақ тілін үйрене бастадым. Онсыз болашақ жоқ. Тіл меңгеру аса қиын емес екен. Адам баласы алға мақсат қоя білсе алынбайтын қамал жоқ», - деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Ирина Беляева.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев кеңес мүшелерін қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі мәртебесін нығайтуға, қолданысын кеңейтуге шақырды.

«Тіл үйренгенде, алдымен, грамматиканы емес, ауызекі түрде сөйлеуді меңгеру қажет. Қазақ тілін енді үйрене бастағандарға күлмей, барынша қолдау көрсетуге дағдыланайық. Сонда ғана қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың саны артады», - деді Нұрлан Ноғаев.

Жиын соңында облыс әкімі Ассамблея мүшелеріне ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының атынан Алғыс хат табыстап, шығармашылық табыс тіледі.


Соңғы жаңалықтар