Маңғыстауда туризмнің мүмкіндіктері қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау өңіріндегі туризмді дамыту қай жағынан алып қарасаңыз да сұранып тұрған сала. Таңғажайып сырға толы табиғатымен қатар көнеден шежіре тартатын тарихы, мәдени-рухани өзгешеліктері шетелдіктер үшін ғана емес, Қазақстанның басқа өңіріндегі тұрғындар үшін де нағыз тартымды бола алады. Қазірдің өзінде Маңғыстау өңірінде туристік әлеуетті дамытатын классикалық, экотуризм, этнотуризм және биотуризм секілді бағыттар жолға қойылған. Әйтсе де экономикалық тиімділігі анық байқалып отырған туризм саласы өңірде қалай дамып келеді? «ҚазАқпарат» ХАА осыған назар аударған еді.  

Айта кетерлігі, соңғы жылдары Маңғыстау өңіріне туристік мақсатпен келушілер саны күрт арта түскен. Мысалы 2017 жылы өңірдің көрікті жерлерін аралап, тарихына тамсану үшін келушілер саны 2016 жылмен салыстырғанда 7 пайызға көтеріліп, 205 904 адамды құрапты. Жергілікті жерлерде туристер үшін қызмет ұсыну ауқымы да 5% көбейіп, 4,2 млрд теңгеге жеткен екен. Осының нәтижесінде өңірдегі жалпы ішкі өнім көрсеткіші бойынша туризм үлесі 1,2% жеткен.

Туристерді қарсы алу қауқары да Маңғыстауда жыл сайын жақсарып келеді. Қазіргі күні өңірде қонақтарды орналастыруға болатын 78 орын болса, олардың 16-сы сертификатталған қонақ жайлар екен. Соның ішінде «Ренессанс Мерриот» пен «Холидей Инн» секілді екі халықаралық қонақ үй желілері де жұмыс істеп тұр.

Каспий теңізінің жағалауы да туристер үшін тартымды болатын әлеуетті бағыттың бірі. Бұл ретте жергілікті билік Ақтау жағажай желісін көріктендіре түсуді қолға алып отыр. Осы бағыттағы жұмыстар да жанданса, теңіз маусымында шетелге емес, өз елімізде демалам дейтін қазақстандық келушілер санының артатынына үміт мол. Сол үшін былтыр жағажай аумағының 1,5 шақырымы абаттандырылған болса, қазіргі күні бұл 7 шақырымға жеткен.

Маңғыстау облысы әкімдігі мен Туризм индустриясы комитеті 2019 жылы теңіз жағалауындағы жұрт демалатын жағажайды 100 пайызға дейін жақсартуды жоспарлапты. Сосын сарапшылар «Жартасты сүрлеу» жобасына қызығушылық ерекше болатынын болжап отыр. Жақында ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырылған жобаның ерекшелігі - онда 2,2 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы қаланың тастағы мен жағажай аумағын бір-бірімен жалғастырып жатыр. Теңіз жағасындағы алып тастардың үстіне салынған «сүрлеу» жобасы толық аяқталғанда бұл жолдың ұзындығы 6 мың шақырымға жетеді екен. Сүрлеудің бойына өлке тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылады. Сондықтан болса керек, сарапшылар бұл жобаны Ақтау қаласының сұлулығын ғана көрсетіп қоймай, өңірдің өзін-өзі таныстыратын мүмкіндігін алға тартып, туризмді дамытуға үлкен сеп болатын жоба ретінде қарастырады.

Маңғыстау өңірінде туризмнің тұрақты дамуы үшін әлі де баса назар аударылуы тиіс жұмыстар да жоқ емес. Мәселен, қазіргі таңда теңіз жағалауындағы жекелеген демалыс базалары жұмыс істейді. Сосын теңіз жағалауы желісінде 29 демалыс базасы болса, соның тек үшеуі ғана жайлылық стандартына, ыңғайлылылық талаптарына сәйкес келеді екен.

Әйтсе де туристік кешенді дамыту шаралары еш іркіліп қалмайды. Мынандай фактілер де соның айғағы: соңғы жылдары қонақтарға арналған орындар қоры көбейген (156 нөмірге дейін), бассейндер саны өскен (4-уі ересектерге, 3 балаларға арналған), жаңа су аттракциондары іске қосылуда (9 суда сырғанау төбешіктері ашылды). Бұндай кешендер бір уақытта 4 мың адамға дейін қабылдай алады, соның ішінде 1 мыңнан астам адам қонақ үй кешендеріне орналасады. Туристік кешенді дамыту мақсатында 485,2 млн теңге инвестиция салынған, ал ағымдағы жылы шомылу маусымына орай 71,5 млн теңгені құрайтын қосымша толқынды бассейіндер іске қосылды. Тәжірибеде көрсеткеніндей, бұндай инвестициялар толығымен өзін-өзі  ақтайды. Айталық, 2017 жылы шомылу маусымында осындай кешендерге 87 мың адам келген.

Тағы бір тоқтала кететін жайт, қазақ бизнесі де Маңғыстау өңіріндегі туризм әлеуетінің перспективасына сеніммен қарай бастағандай. Соңғы жылдардағы инвестициялардың артуы да бұған дәлел. Атап айтқанда, 2017 жылы 425 орындық «Фламинго» балалар сауықтыру лагері қайта жөнделіп, іске қосылды. Ал бұл нысанның құрылысына жалпы сомасы 1,5 млрд теңге жұмсалса, соның 180 млн теңгесі «Даму» қоры арқылы бөлінген екен. Нәтижесінде «Фламингода» былтыр 1920 бала демалған.

Қазіргі таңда «Нұр» деп аталатын 250 орындық 5 жұлдызды емдеу-диагностикалық және сауықтыру кешенінің құрылысы басталған. Жалпы құны 2 млрд теңгеге жуықтайтын жоба 2019 жылдың екінші тоқсанында іске қосылмақ. Тұтастай алғанда 2017 жылы қазақстандық бизнес өкілдері 8,8 млрд теңгені құрайтын 14 жобаға қаржы құйған. Осының арқасында 193 жұмыс орны ашылды.

Жергілікті билік келесі жылы демалыс аймағының барлық аумағындағы кешендерді қамтитын электр және сумен жабдықтау желілерінің құрылысын қолға алмақшы. Бұл да өз кезегінде өңірдің дамуы үшін инвесторлар тартуға септігін тигізеді. Қазірдің өзінде заманауи демалыс аймағы үшін қаржы құятындар табылып жатыр. Мәселен, 3 жұлдызды, жеке жағажайы бар 50 орындық қонақ үй кешенінің типтік жобасы жасалған. Бұндай кешеннің құны шамамен 700-800 млн теңгені құрайды, ал биылдың өзінде осындай екі отелдің құрылысы басталады деп жоспарланған.

Тұтастай алғанда 2023 жылға дейін туризм инфрақұрылымын дамыту үшін 18,5 млрд теңге бөлу жоспарланған, сонымен қатар, 20 млрд теңге жеке инвестицияға 32 жаңа отелдер мен демалыс орындарын салу көзделеді. Бұл Маңғыстау өңіріне келетін туристер санын 600 мыңға дейін арттыруға септігін тигізсе, көрсетілетін қызметтер көрсеткішін 280 млрд теңгеге дейін арттыруға жәрдемдеседі. Ал осының арқасында өңірлік жалпы ішкі өнім 4 пайызға жетеді деп болжанады. 

Соңғы жаңалықтар