Маңғыстауда туризмді дамыту мақсатында 10 орталық ашылады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында туризмді дамыту мақсатында дәмхана мен санитарлық аймақтары бар 10 орталық салынбақ, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Орталықтар Ақтаудан, Бейнеуден және Өзбекстан шекарасына дейінгі салынып жатқан жол бойынан ашылады.

Өткен жылы өңірге 165 мың турист келген. Оның 23 мыңы шетелдік, ал қалғаны қазақстандықтар. Мамандардың айтуынша, шетелдіктер тарихи ескерткіштерді көруге келеді екен. Аймақта оларға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы орталықтар ашылмақ.

«Көптеген туристер ең бірінші Ақтауға келеді. Сондықтан алдымен, қаладан ашылады. Ал, Бейнеуде не үшін ашамыз? Ауданға Ресейден келетін туристер көп. Басқа облыстардан келеді. Жаңа жол салынып жатыр. Бұйырса осы үлкен жолдың бойынан салынады. Себебі келген турист сол жерден ең бірінші ақпарат алу керек. Білу керек, қайда барып, қай жерге орналасуға болады, қонуға, тамақтануға болады, осы ақпаратты алуға мүмкіншілік болуы керек»,- Маңғыстау облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Сүйеуова.

Сонымен бірге, Өзбекстан шекарасына дейін 85 шақырым жол құрылысы жүріп жатыр. Жолдың ұзақтығы бойынша туристерге қажетті барлық қолайлы жағдайды ұйымдастыру бойынша да орталықтар салынады. Орталықтардың ішінде экскурсиялық және көрме орталығы, сыйлық, ұлттық өнімдер дүкендері болады.

Бүгінде әлемдік экономикада туризмнің орны ерекше. Кей елдерде туризм мемлекет кірісінің бірден-бір көзі. Маңғыстауда осы саланы дамыту, туристерді тарту үшін бейнероликтер жасалмақ. Бұған дейін өлкенің тарихи жерлері мен ескертіштері жөніндегі арнайы бейнероликтер оңтүстік және солтүстік өңірлерде көрсетілген. Биыл тағы да жаңа ақпараттық түсірілімдер дайындалып, оларды жергілікті телеарналардан көрсету жоспарда бар. Сонымен қатар, туристік нысандарға апаратын жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бүгінде облыста 41 туристік фирма тіркелген. Евгения Слюсарева, осындай турфирмалардың бірін басқарып отыр. 26 жыл бұрын ашылған компания негізінен өлкетану бағытында жұмыс істейді. Туристерді өңірдің тарихи жерлерімен таныстарды. Оның айтуынша, шетелдік қонақтарға «Көгез» этноауылы қызығырақ.

«Көгез» этноауылында болашақта спорттық кешен салынады. Онда монша, тренажерлық зал, үлкен жүзу бассейні және спорттық алаңдар орналасады. Мұнда қазір 500 ағаш бар. Биыл тағы 150 ағаш отырғызамыз. Этноауылға туристер көп келеді. Себебі, осы жерден Шерқала, Айрақты сияқты жерге баруға да болады»,-дейді ол.

Соңғы жаңалықтар