Маңғыстауда теңізге мұнай төгілуіне жол берген компанияға шара қолданылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында теңіз бетіне мұнай өнімдерінің төгілуіне себепкер «West Commerce Trade» ЖШС-ға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2019 жылдың 9 сәуірінде Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментіне «Ақтау халықаралық сауда порты» ҰК» АҚ-тан Баутино жүк аумағындағы порттың маңында майлы дақтардың табылғаны туралы ақпарат келіп түскен.

«Зертханалық-аналитикалық бақылау мамандары «Қазгидромет» РМК-мен бірге судың сынамасын зерттеді. Аталмыш факт бойынша Маңғыстау облысы бойынша Экология департаменті «West Commerce Trade» ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізді. Оның нәтижесі бойынша, батып кеткен қайықты жағаға шығару кезінде жалпы 40 шаршы метр аумаққа мұнай өнімдерінің жайылғаны анықталған. Судың сынамасын талдау жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, шекті концентрация мыс бойынша 149 мг/л-ға, ал мұнай өнімдерінің - 0,158 мг/л-ға артқаны анықталған», - делінген министрліктің хабарламасында.

Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін «West Commerce Trade» ЖШС ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 324 және 327-бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта департамент қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеу бойынша есеп жүргізуде.

«Мұнай өнімдерімен ластанған аумақ тазартылды. Аталмыш мәселе Маңғыстау облысы бойынша Экология департаменті бақылауында», - деп хабарлайды Энергетика министрлігінен.

Соңғы жаңалықтар