Маңғыстауда тәулігіне 24 000 м3 су тұшытуға қауқарлы қосымша қондырғы салынады

None
АҚТАУ.ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында «МАЭК» ЖШС тәулігіне 24 000 м3 су тұшытуға қауқарлы қосымша қондырғы салмақ. Ол өңірдегі ауыз су тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етеді, дейді ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтау қаласын сумен қамту мәселесін шешу үшін шұғыл шараларды, оның ішінде МАЭК-ті жаңғыртуға қатысты шараларды қабылданбақ.

«Маңғыстау облысы қарқынды дамып келе жатқандықтан суға деген сұраныс жыл сайын артуда. Сондықтан облыс тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету және өндіру көлемін арттыру қажет», - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Жаңа жобаны іске асыратын IDE Technologies Group компаниясы 2008 жылы «МАЭК» ЖШС аумағында қуаттылығы 12 000 м3 екі су тұшыту қондырғысын орнатқан болатын. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамада қаралып жатыр.

Айта кетейік, МАЭК-тегі қондырғылардың ескіруіне байланысты жасалып жатқан жөндеу жұмыстарының салдарынан қалада ыстық су тоқтатылғанын жазған едік.

Сондай-ақ, өңірдегі ауыз су мәселесін шешу мақсатында «Астрахань-Маңғышлақ су құбыры» жаңартылатын болған.


Соңғы жаңалықтар