Маңғыстауда тасжолда болған көлік апатынан 4 адам көз жұмды

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында жол-көлік апатынан 4 адам қайтыс болып, тағы бір адам ауруханада жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 25 ақпан сағат 11:42 шамасында Сай-Өтес - Бейнеу тасжолының 383-шақырымында болған.

«Алдын ала ақпарат бойынша, «Toyota Camry» автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс бағытына шығып, автовозбен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автовоз өртенген», - деп мәлім етті Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Жол апатынан 2003 және 2004 жылғы 4 жігіт көз жұмып, тағы бір адам Бейнеу аудандық ауруханасына жеткізілген.

«Науқаста бас миының контузиясы, жабық бас сүйегі, ми жарақаты бар. Сүйек сынықтарының ығысуы, сол жақтағы сан сүйегі диафизінің жабық сынуы, сол жақ білегінің екі сүйегінің ашық сынуы, өкпе контузиясы, бет жарасы анықталды. Науқас травматикалық шок алған», - дейді аудандық аурухана директорының орынбасары Әсия Шонтыбаева.

Баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға орнында полицейлер жұмыс істеді. Жол апаты туралы толық ақпарат кейінірек жарияланады.


Фото: видеодан алынған кадр
Соңғы жаңалықтар