Маңғыстауда ШОБ субъектісінің қатары 54 мыңға жуықтады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 53 971-ге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 6,5 %-ға өскен.

Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны 116 023 адамды құрайды. Бұл дегеніміз - жұмыспен қамтылған халық санының 38%. Кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнімнің көлемі 551,9 млрд теңгені және нақты көлем индексі 15,1%-ды құрайды.

«Бүгінгі күні кәсіпкерлерге қаржылық қолдау бағдарламалары ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы, «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы яғни «Еңбек» бағдарламасы, «Нұр капитал» өңірлік бағдарламасы. Осы 3 бағдарлама кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсететін бағдарлама. Тағы басқа бағдарламалар бар. Олар ауылшаруашылық қаржылық басқармасы арқылы іске асырылады. Бағдарламаға қатысу үшін кәсіпкерлер алдымен екінші деңгейлі банктерге барып, қаражаттарын алып, Мысалы, «Нұр капитал» бағдарламасын алатын болсақ, 4 банк бұл бағдарламаға қатысып отыр«, - дейді МО Кәсіпкерлік және сауда басқармасы бөлімінің басшысы Айжамал Дүйсеева.

Аймақта мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруға арналған бірнеше бағдарлама жұмыс істейді.

Мәселен, «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде 184 жоба 3,9 млрд теңгеге қолдау көрсетіліп, 457 жаңа жұмыс орны құрылған. Өткен жылы 3,3 млрд теңге бойынша 168 жобаға қолдау жасалып, 303 жаңа жұмыс орны ашылған еді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2,1 млрд теңгеге 388 шағын несие беріліп, 511 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал, «Нұр капитал» өңірлік бағдарламасы аясында 116 жобаға 2,3 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, 956 жаңа жұмыс орны ашылды.

Аймақта осы бағдарлама бойынша кәсібін дөңгелетіп отырғандар аз емес. Соның бірі жеке кәсіпкер Салтанат Бірәлина тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптаумен айналысады. Серіктестік қағаз, картон, кітап, журнал сияқты макулатураны ғана емес, пластик бөтелке мен пакетті де қабылдайды. Кәсіпкерге «Даму» кәсіпкерлікті қолдау орталығы арқылы 6 пайызбен 5 млн теңге берілген. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жеңілдетілген тарифпен алған қаражатына кәсіпкер құрал-жабдықтар сатып алған. Бүгінде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

«Макулатураны жинап, Қазақстандағы қайта өңдеу зауыттарына жібереміз. Алғашқы жылы біз 1 вагон картонды қайта өңдеуге Алматыға жіберетін едік. Қазір тұрақты түрде 4 вагон жөнелтеміз. Бізге негізінен базардағы кәсіпкерлер қалған картон қағаздарын әкеліп, тапсырады. Бүгінде осындай 6 қабылдау орнымыз бар», - дейді Салтанат Бірәлина.

Қабылдау пункттері дүйсенбі мен сенбі аралығында сағат 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Қоқыстарды жинап, сұрыптау тек кәсіпкерге ғана емес, экологияға да, халыққа да, мемлекетке де пайдалы. Себебі, жасыл экономика - қоқыстарды сұрыптаудан басталады.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтардың өңдеу көрсеткіші 30%-ға дейін жетуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар