Маңғыстауда шалғай ауылдар арасын жалғайтын автожол пайдалануға берілді

None
None
АҚТАУ.ҚазАқпарат - Маңғыстауда көптен бері көтеріліп жүрген Маңғыстау ауданындағы Тұщықұдық пен Шебір арасын жалғайтын автожолдың құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Енді екі елді мекеннің үстімен өтетін өңір тұрғындары мен аталған ауылдардағы ағайын ешбір қиындықсыз жаңа жолмен қатынайтын болады. Жол жөндеуді жауапкершілігіне алған мердігер мекеме өз қаражаты есебінен 13 шақырым жолды асфальттап, жұмыстарын толық орындады.

«Жол - экономиканың күретамыры, дамудың маңызды бағыттарының бірі екені анық. Облыста соңғы үш жылда 368,3 шақырым автомобиль жолы салынып, 306,6 шақырымы жөнделіп, жаңғыртылды. Жалпы, өңірдің барлық жолдарының ұзындығы 2 948 шақырымды құрайды. Олардың 1020-сы республикалық маңызға ие. Жақында ұзындығы 97 шақырым «Ата жолы» жобасының ауқымды құрылысы аяқталғанын білесіздер. Бұл - өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған негізгі қадамдарымыздың бірі»,- деді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.

Қазіргі уақытта теңізді жағалай салынған демалыс орындарына қарай және «Құрық» портына дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жол 2 жолақтан 4 жолаққа кеңейтіліп жатыр. Жалпы ұзындығы – 27 шақырымды құрайтын автомобиль жолының 15,6 шақырымына асфальт жабындысы мен тротуар, веложолақ төселді және жарық шамдары орнатылды.

Алдағы уақытта тағы ұзындығы 23,15 шақырым болатын Ақтау – әуежай жолын жаңғыртып әрі кеңейту жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар