Маңғыстауда полицейлер күні қарсаңында жаңа учаскелік полиция пункті ашылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан полициясы күні мерекесі қарсаңында 18 маусым күні Түпқараған ауданында жаңа учаскелік пункттің ашылу салтанаты өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл учаскелік пункт Ақшұқыр ауылына қызмет көрсетеді.

Учаскелік полицияға өз сұрақтарымен, арыз-шағымымен жүгінетін тұрғындар ендігіде жаңадан ашылған пунктіге барып, мәселесін шеше алады.

Мемлекет басшысының Жолдауында Ішкі істер органдары жүйесін реформалауда басты рөл учаскелік полицейлерге жүктеліп, учаскелік полиция инспекторларына, олардың қызметіне ерекше көңіл бөлініп отырғаны айтылған.

Ашылу салтанатына полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаев, Түпқараған ауданы әкімі Қосуақов Айбек, Ақшұқыр ауылы әкімі Нұғманов Айсағали және ішкі істер органының ардагері Жантуаров Мұстахи қатысты.

«Бұл ғимараттың ашылуы полиция қызметі үшін оқиға орнына жылдам баруына және қылмыстың алдын алуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Полицияға осындай қолайлы жағдайлар жасалып жатқаннан кейін, тәртіп сақшылары тарапынан өздеріне жүктелген міндетті адал әрі абыроймен атқаратынына сенім білдіремін», - деді облыстық Полиция департаментінің басшысы Ж. Бақтыбаев.

Бұл учаскелік пункттің ерекшелігі 6 бөлмеден тұрады. Пунктте учаскелік полиция инспекторларынан бөлек қажетті жағдайда тұрғындардың жүгінуі үшін жергілікті полиция қызметіне, криминалды полициясына, жедел уәкілге, тергеушіге және учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналды полиция инспекторларына жеке-жеке бөлме қарастырылған. Барлық бөлме заманға сай техникамен толық жабдықталған, қолайлы жұмыс жасауға жағдай жасалған.

«Мен осы аймақта 2015 жылдан бері учаскелік инспектор болып қызмет атқарып келе жатырмын. Ауылда қазіргі таңда 12 мыңға жуық тұрғын бар. Жаңадан ашылып жатқан учаскелік пунктте учаскелік инспекторлардан екі жауапты инспектор және екі учаскелік инспектордың көмекшісі болып қызмет атқаратын боламыз»,- деп мәлімдеді Ақшұқыр ауылының жауапты учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Акманов Сакен.

Шара соңында департамент бастығы ардагерлермен бірлесіп, полиция пункті ауласында терек ағашын отырғызды.



Соңғы жаңалықтар