Маңғыстауда өңдеу секторындағы экспортқа қолдау көрсетіледі

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда сарапшылардың пікірінше, тоқыма өндірісін дамытуға, мұнай компаниялары үшін сорғылар мен компрессорлар өндіруге және тауарды Каспий маңы елдеріне экспорттауға мүмкіндік зор, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған негіз болатын бірден-бір фактор - облыстың көлік-логистикалық әлеуеті. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов өңір активімен өткен жиында осылай деді.

Облыс әкімі Елбасы Жолдауындағы төртінші басымдық - өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсету жайын айтып өтті.

«Үкімет тарапынан экономиканың өңдеу саласын дамытуға теңдессіз көмек көрсетіледі. Ол үшін алдағы үш жылда 500 миллиард теңге бөлінеді. Тағы да 600 млрд теңге екінші деңгейдегі банктер арқылы кәсіпкерлерге ұзақ мерзімге несие ретінде беріледі. Осы шаралар өңдеу секторында экспортқа бағдарланған өндірістер ашатын кәсіпкерлер үшін қабылданған»,- деді Ералы Тоғжанов.null 

Әзірге өңірдегі өңдеу саласының жалпы өнеркәсіп көлеміндегі үлесі төмен көрсеткішті көрсетіп отыр (2017 жылы - 3,4%). Сондықтан, осы саланы дамытуға басымдық берілмек. Бұл бағытты дамытуға облысымызда мүмкіндіктер мен резервтер жеткілікті.

Ең үлкен резерв - мұнай өндіруші компанияларда.

«Мысалы, 2017 жылы өңірдің мұнай-газ өндіретін компаниялары тауарлар мен қызметтердің 30%-ын сырттан сатып алды»,-деді өңір басшысы.

Сондықтан жиында Ералы Тоғжанов қаражаттың сыртқа кетпей, елде қалуын баса айтты. Ол үшін индустриялық-инновациялық даму басқармасына тиісті шараларды жүргізуді тапсырды.

Бұдан бөлек, Жолдауда айтылған инновацияны дамыту бойынша облыста бірқатар жобалар іске асқан. Атап айтсақ, Батыр ауылында қуаты 2 Мвт күн электр станциясы пайдалануға берілді. Маңғыстау және Түпқараған аудандарында жел және күн электр станцияларының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, жаңа теxнологияларды енгізуден мұнай компаниялары да тыс қалмай, біраз жұмыстарды қолға алған.

«Мәселен, Шлюмберже компаниясы «Қауіпсіздік техникасын оқыту  барысында виртуалды технологияны қолдану» жобасын іске асырды. «Маңғыстаумұнайгаз» және «Өзенмұнайгаз» компаниялары «Интеллектуалды кен орны» жобасын енгізуде. «Қаражанбасмұнай» компаниясы өндірістік сымсыз байланыс желісіне көшеді»,-деді Ералы Тоғжанов.

Сондықтан, аймақ басшысы тың жобалар санын арттыруды міндет етіп қойды. Әсіресе, өңірдегі жалғыз жоғары оқу орнының ұжымына инновацияны дамыту бағытында белсенді болуды тапсырды. Соңғы уақытта робототеxника жасап, әлемді бағындырып жүрген оқушылар тәрбиелеген Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздарына білім басқармасымен және «Білім-Инновация лицейімен» бірігіп, серпінді жобаларды анықтау тапсырылды. Оларды іске асыруға инвесторлар тартылады.

Соңғы жаңалықтар