Маңғыстауда оқушылар ІІІ тоқсанда қалай оқиды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында 1,2,3,4,5 сыныптарға арнап толымдылығы 15 баладан аспайтын кезекші сыныптар ашылады. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.

«2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап жаңа қаулыға згерістер енгізілді. Ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сыныпқа дейін кезекші сыныптар ашылады. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отыра, 9-11 сыныптар үшін 70% дәстүрлі, 30% қашықтықтан оқыту форматына көшіріледі. Ал, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 1 курс студенттері 2020-2021 оқу жылының II семестрінен бастап аралас форматқа көшіріледі»,-деді Ғазиз Надуев.

Ал, Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Мамаеваның мәліметінше, пәндердің 70% дәстүрлі, 30% қашықтықтан оқыту форматында өтеді. Білім беру орындары санитайзерлермен, тепловизорлармен, бактероцидтік лампалармен, т.б. қамтамасыз етілген. Барлық мектептердегі медициналық пункттер күшейтілген режимде жұмыс істейді.

«Қазіргі кезде толымдылығы 15 баладан аспайтын, 1,2,3,4,5 сыныптарға 77463 бала келеді деп жоспарлануда. Ал, 9, 11 сыныптарға келсек, олар аралас форматта оқытылады. Бұл сыныптарда математика, қазақ тілі, орыс тілі, шет тілі, физика, химия, биология, алгебра, геометрия, тарих және т.б. пәндер мектепте оқытылады. Пәндердің 70%-ы штаттық форматта мектепте өтсе, 30%-ы қашықтықтан оқытылады. Жалпы алғанда мектеп бітіруші сыныптардың түлектері үшін оқу жылының соңында қорытынды аттестаттау, колледждерде кешенді емтихандар, 11-сынып оқушылары жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ, және бастауыш сынып оқушыларының оқу бағдарламаларын сапалы меңгеру жайы ескерілді. Ал, білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат беріледі. «,-деді Гүлмира Мамаева.

Екінші семестрден бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 1 курс студенттері аралас оқуға көшеді. Яғни оқытудың 70%-ы дәстүрлі, 30% қашықтан оқыту форматында өтеді. Облыс бойынша 1 курс студенттерінің саны 5757 адамды құрайды. Ата-аналардың өтініштеріне сәйкес дәстүрлі форматта 3512 студент білім алады.

«1 курс студенттері үшін оқу процесі аралас оқыту форматы бойынша өтеді. Яғни дәрістер мен семинарлар – онлайн, ал зертханалық және практикалық сабақтар санитарлық режимді сақтай отырып күндізгі форматта ұйымдастырылады. Сабақтар 45 минуттан сыйымдылығы 50% - дан аспайтын аудиторияларда өткізіледі»,-деді Гүлмира Мамаева.

Айта кетейік, 1-5 сыныптар үшін ұйымдастырылатын кезекші сыныптарға қабылдау ата-аналардың немесе оқушының заңды өкілдерінің өтініші негізінде жүзеге асырылады. Дәстүрлі режимде оқытатын мұғалімдердің жас еркешеліктері 65 жастан асқандардың денсаулық жағдайы ескеріліп, қашықтықтан оқытуға ауыстырылады. Бұдан бөлек мектептерде балаларға және қызметкерлерге арналған мәдени-спорттық көпшілік шаралар, жиналыстар мен педкеңестер өткізілмейді.

«Бастауыш сыныптардың сабақтары таңғы сағат 09.00 де, жоғары сыныптарға түстен кейін 14.00 де басталады. Сабақтың ұзақтығы 40 минут, үзілістер кестесі әр сынып үшін бөлек жасақталады. Ата-ана балаларын санитарлық қорғаныш құралдарымен жабдықтауға міндетті. (маскалар, дезинфекторлар, және т.б.) Сонымен қатар балаларына көпшілік ортадағы өзін-өзі қорғау мен мектептегі әлеуметтік ара қашықтықты сақтау бойынша түсінік жұмыстарын мұқият жүргізулері тиіс», - деді Гүлмира Мамаева.

Облыс мектептерінде санитарлық шараларды сақтау режимі қабылданды. Санитайзерлермен, тепловизорлармен, бактероцидтік лампалармен, т.б. қамтамасыз етілді. Барлық мектептердегі медициналық пункттер күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Соңғы жаңалықтар