Маңғыстауда Наурыз мерекесіне орай 250-ден астам іс-шара өтеді

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде 250-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Әсем Әшірова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Наурыз мейрамында балаларды да назардан тыс қалдырмадық. Мереке күні бүлдіршіндерге ұлттық нақыштағы символдық сыйлықтар таратылып, 16-23 наурыз аралығында театрларда «Кел, балалар, ойнайық-2023» интермедиясы, «Батырлар сайысы» театрландырылған қойылымы көрсетіледі. Сонымен қатар, қала, аудан әкімдіктері мен «Мейірімді ана» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Наурыз ата» қайырымдылық шарасы өтеді. Ал, 22 наурызда амфитеатр сахнасында «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз» балалар шығармашылық ұжымдарының мерекелік концерті, музейлерде ұлттық ойындар апталығы, кітапханаларда тиісті тақырыптық экспозициялар ұйымдастырылады», - деді Әсем Әшірова қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде.

Сондай-ақ, спикер ақсақалдар мен ардагерлердің қатысуымен «Наурыз бата» басқосуы өтетінін мәлімдеді. Сонымен қоса, 21-22 наурызда қала, аудандарда «Жаңа күн – Наурыз бастауы», «Алтыбақан» ойын-сауық бағдарламасы, «Қош келдің, әз Наурыз» тақырыбында концерттер өтеді және Ақтау қаласындағы теңіз жағалауында 30-ға жуық киіз үй тігіліп, алтыбақандар орнатылады.

«Мәдени іс-шаралардың қатарында «Ақтау сазы» фольклорлық ансамблінің концерті, «Алтыбақан» ойын-сауық бағдарламасы, студенттердің концерті бар. Ал, 22 наурыз күні кешке дейін ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа байланысты іс-шаралар өткізу көзделген. Атап айтсақ, «Наурыз думан» театрландырылған көрінісінен бастау алып, танымал эстрада жұлдызы, әнші Бауыржан Исаевтың концертіне ұласады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар