Маңғыстауда мыңнан астам бала аутизм дертіне шалдыққан

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда Бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күніне орай дертке шалдыққан балаларды қолдау мақсатында мерекелік шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерекше балаларды қолдауға және түсінуге тарту мақсатында осы дертке шалдыққан перзенті бар ата-аналар акция өткізді. «Арда-Ақтау» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен өткен шараға жүзден астам отбасы қатысты.

Бұл акция соңғы үш жыл бойы облыс көлемінде өтіп келеді. Акция барысында дертке шалдыққан балалардың ата-анасына қаржылай қолдау көрсетіледі. Бұл жолы да аталмыш үрдіс жалғасын тауып, сондай-ақ, ерекше балалар өнер көрсетті.

«Бүгінгі шара - қоғамдық бірлестік пен ата-аналардың бірігіп жасаған жұмысының нәтижесі. «Аутизм» диагнозы бар адамдардың тағдырына біз бей-жай қарай алмаймыз. Даму ерекшеліктері, я болмаса басқа факторларға қарамастан, біз үшін барлығы маңызды. Қоғамдық бірлестік биыл міне үшінші жыл өзінің жұмысын жалғастырып келе жатыр. Маңғыстау облысы бойынша мұндай бала тәрбиелеп отырғандар өте көп. Бүгін солардың тек қана жүзден астамы жиналды. Келешекте осындай балаларды оңалтуға арналған бір орталық ашылады деп күтіп отырмыз», - дейді ұйымдастырушылар.null

Шараны ұйымдастырушылар шақырылған көпшілікке аутизм дертіне шалдыққан жандардан теріс айналмай, оларды қоғамға бейімдеудің маңызын түсіндірді. Ата-аналармен пікір алмасып, перзентімен бірге ойындар ойнауға шақырды. Ерікті жастар әзірлеген көңілді бағдарлама балалардың көңілін көтерді. Дәстүрлі акция соңы флешмобқа ұласты.

Айта кетейік, жер бетінде аутизм сырқатына шалдыққан 67 млн аса адам бар болса, әлемдегі әрбір 42-ші ер бала мен 189-шы қыз бала аутизмнің спектрінде тұр. Ал ресми емес деректерге сүйенсек Маңғыстау облысында мыңнан астам бала түрлі деңгейдегі аутизм дертіне шалдыққан.

Соңғы жаңалықтар